387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыру туралы келіссөзге алаң ұсынуға дайын

  • 786
  • UPD: 23:52, 25.01.2018

Қазақстан Солтүстік Кореяны ядролық қарусыздандыру туралы келіссөздерге араағайындық танытып, мәселені шешу үшін өз алаңын ұсынуға дайын. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мәлімдеді. Сонымен қатар Елбасы сенім ахуалын қалыптастыру үшін «Ядролық бестіктің» Солтүстік Корея қауіпсіздігіне кепілдік беруін қолдайтынын ашық айтты және ресми Пхеньянды келіссөз үстеліне отыруға шақырды.

Бүгінде Қазақстан әлемдік саясат сахнасында беделді бітімгерге айналды. Бұлай деуімізге толық негіз бар. Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміз жаһанда болып жатқан түрлі проблемаларды бейбіт жолмен шешуге елеулі үлес қосты. 18 қаңтарда Нью-Йоркте өткен БҰҰ  Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан - Солтүстік Корея мәселесін реттеуге мүдделі тараптарға келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Пхеньян мен Сеул Біріккен Ұлттар Ұйымының қысымымен 1953 жылы уақытша бітімге келді. Жанжал кез келген уақытта қайта жалғасуы мүмкін. Жағдайдың ушығуына Солтүстік Корея билігінің ядролық арсеналын дамытып, баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізуі түрткі болып отыр. Оның үстіне Пхеньянның әрекеті Біріккен ұлттар ұйымының қарарына қайшы әрі жаһан қауіпсіздігіне қатер төндіреді. 

Лим Чхоль Ву, «Корея – Орталық Азия» әріптестік форумының хатшылар алқасының директоры:

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын толық қолдаймын. Солтүстік Корея жаппай қырып-жою қаруын таратпау туралы келісімді бұзып, әлем елдеріне теріс үлгі көрсетті. Сондықтан Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянға қысымды күшейтіп отыр. Ал Қазақстан ядролық қарудан бас тарту мәселесінде тәжірибесі мол елдің бірі. Сондықтан келіссөздер өткізуге алаң ұсыну бастамасы үлкен маңызға ие. Солтүстік Кореяның қандай талап-тілегі бар екенін жаһан жұрты білуі  тиіс.

Қазақстан бұған дейін қисыны кетіп, тығырыққа тірелген Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселені шешуге де бітімгер болды. 2013 жылдың ақпан, сәуір айларында Алматыда Иран және «алтылық тобы» келіссөздерінің алғашқы екі раунды өтті. 2015 жылы осы келіссөздердің қорытындысы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты «Бірлескен жалпы іс-әрекет жоспарының» негізіне алынды.  

2015 жылдың желтоқсан айында Еуроодақ тек ғана Қазақстанға БЖІЖ-нің имплементациясына ықпал жасау жөніндегі ұсыныспен шықты. Онда бүкіл әлем Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге көз тігіп отырған болатын. Қазақстан өзінің бейбітшілікті қолдаушы ұстанымына адал ел ретінде көмек қолын созып, ұсынысты қолдауға шешім қабылдады.

Қазақстанның Украинадағы ахуалды реттеуге де үлес қосты. 2014 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаев Украинаға арнайы барып, ахуалды бағамдап қайтқан болатын. 2015 жылдың қарашасында Түркия шекарамызды бұзды деген айыппен  Ресейдің әскери ұшағын атып түсірді. Осыдан кейін екі ел арасындағы саяси қатынастар ғана емес, экономикалық, қоғамдық байланыстың бәрі тоқтады. Бұл жағдай қазақ халқын қатты алаңдатты. Өйткені бірі көрші бірі бауыр. Бұл тұста да үнсіз қалмадық. Елбасы екі мемлекеттің басшыларымен тығыз байланыс орнатып, арадағы өкпе ренішті жоюға бар күшін салды. 2016 жылдың 16 маусымында Санкт-Петербургте, 24 маусымда Ташкентте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының самиттіне Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, қос тараптың татуласуына бар жағдайды жасады. 27 маусымда Түркия басшысының жолдауын Ресей президенті ресми түрде қабылдады.

Ал Сириядағы соғысты тоқтатуға бағытталған Астана процесінің орны бөлек. Кепіл мемлекеттердің келісуі үшін бейтарап алаң болған Астанада Сирия билігі мен оппозициясы алғаш рет бір үстел басына отырды. 2017 жылы келіссөздердің сегіз раундын өткізді. 4 деэскалация аймағын құрды. Зорлық-зомбылық деңгейін азайтты. Гуманитарлық көмек пен кепілдегі адамдарды айырбастау мәселесі шешілді.

Шахид Куреши, «The London Post» газетінің бас редакторы:

- Қазақстанның бұл мәселедегі рөлі өте маңызды. Мысалы сіздер Сирия қақтығысын және Түркия мен Ресей арасындағы келіспеушіліктерді реттеу бойынша белсенділік таныттыңыздар. Ядролық қаруды таратпау мәселесінде де Қазақстан бітімгер болуға тас-түйін дайын екендігіне және келіссөздер алаңы бола алатындығына сенімдімін. Оның үстіне бұл Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы маңыздылығын арттыруға бағытталған үлкен мүмкіндік деп білемін. Сіздердің мемлекеттеріңіз Орталық Азия елдері арасында Қауіпсіздік кеңесіне төраға ретінде сайланған тұңғыш ел болып отыр.

Елбасының бітімгерлік миссиясының тамыры тереңде.  Ол 1991 жылы Ресей президенті Ельцинмен бірге Таулы Қарабақ үшін туған дауды шешуге білек сыбана кірісті. Нәтижесінде аймақта ұрыс қимылдарының тоқтатылуына  оң ықпал етілді. Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев әу бастан өзінің бітімгерлік пен бейбітшілікті қолдайтын саясаткер екенін  жаһан жұртына көрсете білді.  Әрине араздасқан елдің арасын қосу бір сәтте шешілетін іс емес. Алайда Елбасы қашан да бітімгерлікке қатысты бірегей бастамалардың бел ортасында жүріп татулықты ту ететінін  тағы да дәлелдеді.

Хабар 24 телеарнасы