369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасыға Азия Паралимпиялық комитетінің Құрмет ордені табыс етілді

  • 295
  • UPD: 20:08, 04.07.2018

Мерейтой қарсаңында Астанаға жасалып жатқан тарту көп. Бүгін қалада мұқым ТМД төңірегінде теңдесі жоқ паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылды.

Онда паралимпиада спортшылары мен мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына бар жағдай жасалған. Елбасы нысанды аралап көріп, спортшылармен, бапкерлер құрамымен әңгімелесті. Кейін шаһардағы жаңа «Ақжайық» саябағын ашып, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл қойды.

Елбасы жаңа нысанға кірмей тұрып, Рио паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллинаның қолын алды. Бұл Президенттің спортшыға, оның табандылығына деген құрметі болса керек. Елбасы оның өмірге құштарлығын үлгі етті, сәттілік тілеп, арқасынан қақты.

Бұл – Қазақстандағы бірінші халықаралық деңгейдегі мамандандырылған паралимпиадалық жаттығу орталығы. Жалпы ТМД төңірегінде теңдесі жоқ спорт нысаны деп сеніммен айтуға болады. Ауқымы да айтарлықтай. 5 мың шаршы метрді алып жатқан алып нысанды бүгін Елбасы аралап көрді, бағасын берді.

Мемлекет басшысы ойын залы мен жаттығу алаңын аралап, спортшылармен, жаттықтырушы құраммен әңгімелесті. Табандылықтарымен тәнті еткен спортшыларды сөзбен демеді. «Сіздер өз табандылықтарыңыз бен күш-жегірлеріңіздің арқасында біздің елді әлемге таныттыңыздар. Сіздер көпке үлгісіздер», – деді Президент.

Жобаның жалпы құны – 1,7 млрд теңге және бұл нысан жеке инвесторлардың көмегімен салынғанын баса айта өткен жөн. Қазір тек Астананың өзінде жеке инвесторлар 8 спорт нысанын салып жатыр. Президент тынымсыз айтып жүрген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі осы болса керек. Ал қазақстандық паралимпиада спортшылары бұл күнді ұзақ күткенін айтады. Олар енді қазақстандық чемпиондардың қатары молая түсетініне сенімді.

Зүлфия Ғабидуллина, паралимпиада ойындарының чемпионы:

– Мұндай нысан бізге тек арман болатын. Сол арман Астананың 20 жылдығы қарсаңында орындалып отыр. Бұл нысан бізге ауадай қажет еді. Енді спортпен шұғылданып, паралимпиада ойындарына қатысатын спортшылардың саны арта түседі деп сенеміз.

Сондай-ақ бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Пхенчхандағы Паралимпиада ойындарының алтын жүлдегері Александр Колядинге мотоцикл сыйға тартты. Мемлекет басшысы Александр Колядиннің жеңісі миллиондаған қазақстандық жанкүйерлерге қуаныш сыйлағанын және бұл жеңіс жас ұрпақ үшін лайықты үлгі болатынын айтты.

Александр Колядин, паралимпиада ойындарының чемпионы:

– Нұрсұлтан Әбішұлы тамаша сыйлық тарту етті. Бұл менің арманым еді. Қазақстандықтарды Астананың туған күнімен құттықтағым келеді. Ал орталықта біздің спортшыларға барлық жағдай жасалған.

Бүгін  Азия Паралимпиялық комитетінің президенті Маджид Рашед Нұрсұлтан Назарбаевқа  Азия Паралимпиялық комитетінің Құрмет орденін табыс етті.

«Бұл –  Азия Паралимпиялық комитетінің алғашқы Құрмет ордені. Біз сіздің бұл салаға сіңірген еңбегіңізді білеміз. Тек спортта емес, көрсетіп жүрген бар қамқорлығыңыз бен қолдауыңызға алғысымызды айтамыз», – деді ол.

Бұл нысанның есігі тек паралимпиада спортшыларына ғана емес, шынығамын деген мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығына ашық. Тегін. Астанада қазір 20 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұратынын ескерсек, бұл елорда тұрғындарының осы бір тобына үлкен тарту болғаны рас. Жаттығу орталығында отырып ойнайтын волейбол, арбада отырып ойнайтын теннис бойынша спорттық ойын түрлері залы бар.

Олжас Ақпамбетов, Ұлттық паралимпиада комитетінің спорт директоры:

– Толық мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген. Оннан астам спорт түрімен адамдар айналысады.

Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы «Ақжайық» саябағын да аралап көрді. Бұл – Батыс Қазақстан облысының Астанаға тартуы. Саябақта Кеңес одағының батыры, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ескерткіші де тұр. Елбасы оған гүл шоғын қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысының жұртшылық өкілдерімен, елордадағы «Сарыарқа» ауданының тұрғындарымен және Мәншүк Мәметованың туыстарымен емен-жарқын әңгімелесті. Мемлекет басшысы бүгін «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы елорданың әлеуметтік һәм мәдени өмірі үшін маңызды екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кеңес одағының батыры, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға Астанада арнайы ескерткіш тұрғызу – көпшіліктің көкейінде көптен жүрген ой. Бүгін соны батырдың жерлестері жүзеге асырды.

Ескерткіштің авторы – қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров. 4 айлық жұмысының Астананың туған күніне күллі облыс атынан сыйлық болып тартылуы – мүсінші үшін үлкен мәртебе.

Енді Астананың оң жағалауында, Жеңіс пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында қаршадай қыздың қасқайып тұрған ескерткіші елордалықтардың жиі жиналатын орнына айналмақ. Себебі «Ақжайық» саябағында 100 адамға арналған амфитеатр, субұрқақ, түрлі танымдық алаңдар бар. Тарихи һәм танымдық мәні бар бұл алаңқай да болашағы зор қаланың болашақ тұрғындары үшін игілікке айналатыны хақ.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Назымгүл Күмісбаева, Еділ Ермекбаев, Өмірбек Ізімов, Санжар Жәртиев

Осы категория бойынша: « Қазақстанға Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы ресми сапармен келді «Нұр Отан» партиясының қатары толықты »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы