«Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауында 660 мыңнан астам адам дауыс берген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл ақпараттық жүйеде тіркелген мүшелерінің 84%-і. 581 мың адам онлайн дауыс беру платформасын қолданған. Шалғайда тұратын 81583 адам қағаз бюллетенмен дауыс беріпті. Жалпы праймеризге 10990 адам қатысқан. Оның 36%-тен астамы әйелдер. 30%-ке жуығы жастар. Кандидаттардың 70%-і өзін өзі ұсынған. Екі мыңға жуық пікірсайыс өткен. Сайлау кезінде арнайы комиссияға отызға жуық арыз-шағым түскен. 34 үміткер праймеризге қатысу құқығынан айырылған. Партия хатшысы праймериздің әділ әрі ашық өткенін айтты.
Арман Қырықбаев, «Nur Otan» партиясының хатшысы:
- Бұл Елбасы өткен жылы тамызда жариялаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – партияны қайта жаңғырту бағдарламасының ең негізгі бақыттарының бірі. Негізгі әлеуметтік топтарды қамтылуына келер болсақ, кандидаттардың сапалық құрамы қызметіне қарай былай бөлінді. 31%-і білім, ғылым саласы өкілдері. 14%-і шағын және орта бизнес өкілдері, 7,8%-і мәдениет және спорт саласы, 7,1%-і қызмет көрсету, 6,2%-і ауыл шаруашылығы саласы және 4,6%-і өнеркәсіп және басқа да сала өкілдері.