389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық триатлоншылар Лондоннан Парижге дейінгі қашықтықты бағындырады

  • 353
  • UPD: 14:52, 03.07.2019

Лондоннан Парижге дейін. Төрт қазақстандық спортшы ұзақ қашықтықты өткеру үшін алдымен жүгіреді, жүзеді, сосын велосипед тебеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Біздің триатлоншылар «Қақпадан қақпаға дейін» атты әлемдегі ең қиын сынаққа тұңғыш рет қатысып отыр.

Шынымен де триатлоншылар үлкен сынаққа төтеп бергелі тұр. Өйткені жүгіретін және велосипедпен жүріп өтетін жолдар биік-биік белестен тұрады. Жүйткіген автокөліктер де жолда кедергі келтіріп, қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Сондай-ақ температурасы төмен Ла-Манш бұғазының қатты толқыны қазақстандық спортшыларға қиындықтар туғызбақ.

Елена Кун – Iron Moms KZ командасы белсенді мүшелерінің бірі. Басқа үш спортшы секілді ол да жыл басынан бері жарысқа ерекше ынтамен дайындық жасап келеді. «Барлық ауыртпашылықтарға төтеп беремін», – дейді Елена.

Елена Кун, қатысушы:

– Әлбетте, жаттығу, жұмыс және отбасына үлгеру үшін тайм-менеджмент қажет. Ең бастысы, ештеңеден қалмау керек. Әрине, бұл қиын, бірақ мүмкін нәрсе. Және де біздің қазақстандық әйелдердің үйде отыра бермей, жиірек спорттың белсенді түрлерімен айналысқанын қалар едік.

Жарыс Лондондағы Мәрмәр қақпадан басталып, Париждегі Салтанат қақпасында аяқталады. Спортшылар кезектесіп алдымен Лондоннан Дуврға дейін жүгіріп, кейін Ла-Маншты жүзіп өтеді. Ақыр соңында велосипедпен Парижге жетулері керек. Қыздар барлығы 500 шықырым жолды өткерулері тиіс.

Эдгар Етте, ұйымдастырушы:

– Челлендждің бағасы өте жоғары. Жалпы құны шамамен 8 мың стерлинг фунтын құрайды. Неге қымбат? Өйткені тек Лондоннан Парижге жүгіру үшін 3500 стерлинг фунты көлемінде шығын кетеді. Бұған қарамастан тілек білдірушілер саны көп.

Қазақстандық спортшылардың бұл бірінші талпынысы. Сондықтан қатысушылар да, жанкүйерлер де толқу үстінде. «Темір аналар» қызу дайындықтары мен үлкен тәжірибелері арқасында нәтижеге жетіп, Қазақстандағы триатлонның дамуына ықпал етеміз деген зор сенімде.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы