384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық мергендер Азия чемпионатында төрт медаль ұтты

  • 122
  • UPD: 11:26, 14.11.2019
Қазақстандық мергендер Азия чемпионатында төрт медаль ұтты olympic.kz

Дохада нысана көздеуден Азия чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрлық біріншілігінде медальдардан бөлек, Токио Олимпиадасының да жолдамасы сарапқа салынады. Бұған дейін қазақстандық мергендер кешенді сынның үш лицензиясын ұтып алды. Кезекті жарыс күн жерлестеріміз нысана көздеуден төрт жүлдеге қол жеткізді. Александра Сәдуақасова ВП-11А жаттығуында Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ерлер арасында Бақтияр Ибраев үшінші орынға ие болды. Командалық сайыста жігіттер мен қыздар да үздік үштіктен көрінді.

 

«Арсеналдың» бұрынғы бас бапкері жаңа қызметке тағайындалды

«Арсеналдың» бұрынғы бас бапкері Арсен Венгер мансабын ФИФА-да жалғастырады. Француз жаттықтырушысы халықаралық федерацияның ғаламдық даму бөлімін басқарады. Венгер ерлер мен әйелдер футболының даму қарқынын қадағалап, тиісті іс-шараларға қатысады. Сонымен қатар, футболға енетін жаңа ережелер мен әдіс-тәсілдерге жауапты ұйыммен қарым-қатынаста болады. 70 жастағы маман жаттықтырушылар дайындау ісіне де назар аударып, бұрынғы ойыншыларға футбол менеджментін үйретеді. Арсен Венгер 1996-шы жылдан 2018-ші жылға дейін "Арсеналдың" бас бапкері болды. Француз маманы Лондон командасымен ағылшын премьер-лигасында үш мәрте топ жарды. Бұған дейін жұмыссыз жүрген Венгер "Баварияның" тізгінін ұстайды деген әңгімелер шыққан еді.  

 

Златан Ибрагимович «Лос-Анжелес Гэлаксиден» кетеді

Бұл туралы Америкалық клубтың президенті Крис Клейн мәлімдеді. Швециялық футболшының келісімшарты желтоқсанда аяқталады. Тараптар келісімді созуды жөн көрмепті. «Біз Златанға алғыс айтамыз. Оның «Гэлакси» мен жоғарғы лигаға қосқан үлесі зор», - дейді клуб басшысы. Ибрагимович Америка футбол лигасында 2018 жылдан бері доп тепті. «Лос-Анджелес» сапындағы 18 айда ол 53 матчқа қатысып, 52 гол соқты. 38 жастағы ойыншы 17 нәтижелі пасымен де көзге түсті. Биыл «Гэлакси» Америка лигасын жартылай финалда аяқтады. Швед футболшысы жаңа жылдан кейін «Милан» сапына қосылуы мүмкін. Златан Италия командасында 2010-2012 жылдар аралығында ойнап, 61 кездесуде 42 гол соқты.

 

Лондонда теннистен қорытынды турнир өтеді

Лондонда жылдың қорытынды турнирі шешуші кезеңге жақындады. Алғашқы айналымда ұтылып қалған Рафаэль Надаль баяғы қарқынын қайта тапты. Испаниялық теннисші екінші турда Ресейлік Даниил Медведевпен кездесті. Тартысқа толы болған матчтың тағдыры үшінші партияда шешілді. Алдымен орыс жігіті тай-брейкте басым түсті. Екінші сетта Надальдың мысы басым болды. Нағыз тартыс үшінші партияда өтті. Медведев 5:1 есебімен алға шығып, кездесуді өз пайдасына аяқтауға жақын тұрды. Тіпті үш мәрте матчболды мүлт жіберді. Рафаэль Надаль таразы басын теңестіріп, ойын тай-брейкте жалғасты. Нәтижесінде Испан жігітінің мерейі үстем болды.

Енді Надаль жартылай финалға шығу үшін Стефанос Циципасты жеңу керек. Грек теннисшісі Александр Зеверевтен басым түсіп, келесі кезеңге өтті.

 

Хабар 24 телеарнасы