420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Хоккей: «Барыс» плей-офф кезеңіне жолдама алды

  • 484
  • UPD: 12:34, 31.01.2020
Хоккей: «Барыс» плей-офф кезеңіне жолдама алды

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Андрей Скабелка шәкірттері біріншіліктің аяқталуына сегіз ойын қалғанда қажетті нәтижеге қол жеткізді. Кеше елорда командасы «Нефтехимикті» қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті.

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне күнібұрын жолдама алды. Елорда командасы «Нефтехимиктен» басым түсіп, қажетті ұпайына қол жеткізді. Алғашқы кезеңде есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін Даррен Диц шеберлік танытып, айдын иелерін алға жетеледі. «Нефтехимик» хоккейшілері үшінші кезеңде таразы басын теңестірді. Алайда, қонақтардың қуанышы ұзаққа созылмады. 50-ші минутта «Барыс» шабуылшысы Антон Сагадеев командасына жеңіс сыйлады. Андрей Скабелка шәкірттері Шығыс конференциясында 54 ойыннан кейін 71 ұпай жинап, үшінші орынға жайғасты. «Барыс» плей-оффқа жолдама алған жетінші команда атанды. Елорда клубы құрлықтық хоккей лигасына қатысқан 12 маусымда оныншы мәрте келесі кезеңге жолдама алды.

 

Жоғарғы хоккей лигасы: «Торпедо» «Металлург» 3:2 

Жоғарғы хоккей лигасында ойнайтын «Торпедо» Новокузнецкінің «Металлург» командасынан басым түсті. Қарымта кездесу 3:2 есебімен аяқталды. Алғашқы ойында Өскемен хоккейшілері 6:4 нәтижесімен жеңіске жеткенін айта кетейік. Ресейліктер екінші матчта қарымта қайтаруға тырысты. Ойында шайба аз соғылса да, кездесу тартысқа толы болды. Алғашқы кезеңде Александр Шин есеп ашып, айдын иелерін алға шығарды. Сосын қарсыластар біразға дейін қақпа кілтін таба алмады. Үшінші кезеңде Никита Сироткин белсеніп, «Нефтехимик» қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Ресейліктер екі шайбамен тоқтады. «Торпедо» келесі ойынын 2 ақпанда өткізеді. Өскеменге елорданың «Номады» қонаққа келеді. 

 

Australian Open: Новак Джокович финалға шықты

Әлемнің екінші ракеткасы Новак Джокович Австралия ашық біріншілігінің финалына шықты. Сербиялық теннисші жартылай финалда үшінші нөмірлі ойыншы Роджер Федерердің осал тұсын тапты. Есеп: 7:6, 6:4, 6:3. Екі мықты жасыл құрлықтағы соңғы 16 турнирдің 13-інде жеңіске жеткені белгілі. Биыл да Джокович пен Федерердің шоқтығы өзгелерден биік екені көрінді. Енді серб жігіті кезекті жүлдесіне жақындай түсті. Новак сегізінші мәрте Австралия ашық чемпионатының шешуші кезеңіне шықты. Ол бұған дейінгі финалдың барлығында топ жарды. Джоковичтің қарсыласы Доминик Тим мен Александр Зверев арасында анықталады. Әйелдер арасындағы финалда испаниялық Гарбинье Мугуруса мен америкалық София Кенин ойнайды.

Хабар 24 телеарнасы