424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Испанияда веложарыс жалғасып жатыр

  • 97
  • UPD: 12:56, 05.11.2020
Испанияда веложарыс жалғасып жатыр

Қазақстан чемпионатына 9 команда қатысып жатыр

Футболдағы «Қайрат» бағындырған биікті енді футзалдағы «Қайрат» бағындырмақ. Шағын футболдан ел чемпионатының кезекті кезеңі өтті. Оның аясында «Қайрат» пен «Жетісу» командалары жолықты. Қос мықты арасындағы матч тартысты өтті. 5:1 есебімен алматылық клуб жеңіске жетті. Нәтижесінде «Қайрат» турнир тізіміндегі жағдайын жақсартып, үздіктер қатарына қосылды. Бұдан бөлек «Ақтөбе» мен «Каспий» клубтары кездескен еді. Матч 3:1 есебімен аяқталды. «Оқжетпес» пен «Аят арасындағы ойында 6:4, ал «Бәйтерек» пен «Нұр-Сұлтан» арасындағы кездесуде 3:4 есептері тіркелді. Айта кетейік, биылғы чемпионатқа 9 команда қатысып жатыр. Олар 7 қарашаға дейін алғашқы айналым ойындарын өткізеді.

 

«Астана» шабандозы Александр Власов жалпы есепте 10-сатыға төмендеді

Испанияның таулы-қыратты аумағындағы веложарыс жалғасып жатыр. 14-кезеңде спортшылар 204 шақырымды бағындырды. Луго мен Оренсе елді мекендерінің арасын ең алғаш болып бельгиялық Тим Уелленс жүріп өтті. Оның уақыты – 4 сағат 37 минут. Ал «Астана» сапындағы Александр Власов мәре сызығын 24-ші болып кесті. Нәтижесінде қазақстандық клуб мүшесі жалпы есепте бір сатыға төмендеді. Айта кетейік, Вуельта Испания бәсекесі 20 қазанда басталған болатын. Жарыс 18 кезеңнен тұрады. Осы аралықта шабандоздар 2800 шақырымды жүріп өтуі керек. Жарыстың жалпы қорытындысы 9 қарашада белгілі болады.

 

Титулды жекпе-жек қашан?

Жәнібек Әлімханұлы алдағы жылы титулды жекпе-жекке шығады. Бұл жөнінде Asianboxing.info сайты мәлімдеді. Соңғы ақпаратқа сәйкес қазақстандық боксшы жыл басында бір жеңіл кездесу, одан кейін чемпиондық белдікке талас өткізуі керек. Кейінгісі шамамен 2021 жылдың ортасына қарай ұйымдастырылады. Бұған қоса мамандар Жәнібек биыл шаршы алаңға шығып, толыққанды жекпе-жек өткізбегенін алға тартады. Айта кетейік, жерлесіміз ең соңғы рет 10 қазанда аргентиналық Гонсало Кориямен жолыққан еді. Жекпе-жек екі раундқа ғана созылды. Жәнібек қарсыласын нокаутқа жіберді және соның арқасында WBO рейтингінің үздік үштігіне ілікті.

Хабар 24 телеарнасы