376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көлік иелері қандай жағдайда жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылады

  • 364
  • UPD: 14:04, 30.12.2019
Көлік иелері қандай жағдайда жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылады

ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мас күйінде көлік тізгіндегендер жазасы бойынша жаңа ережелерді түсіндірді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы қол қойған Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңы арқылы мас күйінде жол-көлік ережесін бұзғандарға жеке бап енгізілді.

«Қазан айында Алматыда өткен жиналыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде көлік айдағандардың жазасын күшейтуді тапсырды. Оларды түрмеге отырғызып, айыппұлын өсіріп, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды. Жыл сайын Қазақстанда 30 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталады. Салдарынан болатын жол-көлік апатынан биыл мыңнан астам адам жарақат алды, біразы қаза тапты. Сондықтан, Қылмыстық кодекске жаңа бап (ҚК 345-1-бабы) енгізіп отырмыз», – деді Марат Ахметжанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінге дейін мас жүргізуші мен сау жүргізушілерге ортақ бір норма қолданылып келген. Бұған дейін мас жүргізушіге 2 жылға жүргізуші куәлігінен айыру мен 40 күндік қамау жазасы қарастырылса, енді олар 1 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Мас жүргізуші кесірінен адам өлімі болса, ауыр қылмыс саналады және тараптардың ымыраға келуіне тыйым салынады. Айыпты адам 10 жылға дейін абақтыға қамалып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін», - деді М.Ахметжанов.

Айта кетейік, Марат Ахметжанов еліміздегі қылмыс ахуалы туралы, сондай-ақ қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңының негізгі новеллалары туралы айтып берді. Аталған заңға ҚР Президенті 2019 жылдың 28 желтоқсанында қол қойды және ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Хабар 24 телеарнасы