420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР ІІМ төрт баланы өрттен құтқарған азаматты марапаттады

  • 122
  • UPD: 17:56, 21.08.2020
ҚР ІІМ төрт баланы өрттен құтқарған азаматты марапаттады

Адамдарды, оның ішінде төрт баланы өрттен құтқарған Рымқұлов Дәурен лайықты марапатқа ие болды, деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен адамдарды өрттен құтқарудағы ерлігі, батылдығы мен қайсарлығына байланысты «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.

Батырға медальді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров табыс етті.

«Айналаны, адамдарды қорғауды өзінің парызы санайтын нағыз қазақстандық азаматқа тән батылдық пен ерлік көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамыз, көптеген жылдар бойы кәсіби спортпен шұғылдану сізге бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Серік Әубәкіров.

Естеріңізге сала кетейік, 14 тамыз күні сағат 21:33-те ТЖ департаментінің «101» пультіне Алмалы ауданы Радостовца көшесі 49 үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндірушілер келгенде бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтердің дәлізі мен ас үй ашық жалынмен жанып жатты. Өз өмірін қатерге тіккен  Рымқұлов Дәурен өрт сөндіру есептері келгенге дейін пәтерде қалған адамдарды құтқаруға ішке ұмтылып, өрт сөндірушілерге қызыл жалынмен күресуге белсенді түрде ат салысады.

Шұғыл жағдайларда адамдарды құтқарып, белсенді азаматтық ұстаным танытқаны және жас ұрпаққа үлгі көрсеткені үшін Алматы қаласы ТЖ департаментінің басшылығы оны марапаттауға ұсыныс жасаған болатын.

Хабар 24 телеарнасы