389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев: Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады

  • 2744
  • UPD: 23:43, 21.11.2018

«Ұлы даланың жеті қыры». Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде осындай атаумен Елбасының жаңа мақаласы жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Президенттің ойландыратын ойтүрткісі – былтырғы «Рухани жаңғыру» идеясының заңды жалғасы.

«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады». Осындай салиқалы сөздерден «шымылдығын түретін» Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы терең тариxымызды түптеп, зерделеуге мүмкіндік береді. Мұнда ұлт тариxының бастаулары, Ұлы дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптар қамтылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:    

- Біз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.

Президент тағылымды мақалада Ұлы даланың жеті қырын көрсетті. Соның бірі – атқа міну мəдениеті. Жылқы алғаш рет қазақ жерінде қолға үйретілгені тарихтан белгілі. Мұны Солтүстік Қазақстандағы энеолит дəуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары айғақтайды.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

- Бұрын қолымыз жетпей, қолымыз жетсе де өзіміздікі екені мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа қандай ұлт екенімізді дәлелдеуге жол ашып отыр. Өткенді білу келешек үшін маңызды.

Тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешектер ежелден түркі халықтары мекендеген Ұлы дала кеңістігінде дүниеге келген. Ат құлағында ойнап, ұрыс кезінде еркін қимылдауға мүмкіндік беретін киім, ер-тұрман, сауыт-сайман – бабалардың ойлап тапқан жаңалығы. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Мұны Елбасы бағдарламалық мақаласында айшықтап көрсетті.

Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:

- Тарихты жазу үшін біздің бай, төл, мықты ежелден келе жатқан мәдениетімізді жақсы зерттейтін тек қана құнды, бай деректер болса, осының бәрін Елбасы өзінің бүгінгі жариялаған мақаласында әдемі айтып кетті. Әлем біздің тарихымызды, төл, бай мәдениетімізді көру керек, тану керек. Қазақ елі осымен мақтануы керек. Сондықтан еуроцентризм көзқарастан бас тартып, Қазақстан әлемдік өркениеттің бір бөлшегі екенін танитын уақыт келді.

Көшпенділердің тұрмыста аң стилін пайдалануы бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Ұлы дала тұрғындары оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын жақсы меңгерген. 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» да қазіргі қазақ жерінде асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасалғанын дәлелдейді.

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы:

- Бұрын сирек айтылатын мәселелердің бірі – көне технологиялар. Металлургия, тау-кен істері, көбінде бұрын сақтардың аң стилі туралы айтылатын. Ал енді бұл мақалада сол заманға сәйкес, көркемдік шығармалардан бөлек, олардың технологиясы қалай жасалды, қандай әдістермен жетістіктерге жетті, сол туралы мәселе көтерілген екен.

«Алтай – түркі әлемінің бесігі. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды», – дейді Президент мақаласында. Расымен де, Алтай – бұл ұлы өркениеттер ошағы, түрік халықтарының қара шаңырағы. Мазмұны терең мақалада Ұлы даланың Ұлы Жібек жолымен сабақтасатыны да жазылған. Сонымен бірге «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» екендігіне Президент аса мән беріп отыр. Міне, осындай тарихи құндылықтарымыз арқылы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды білуге мүмкіндік туады.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

- Біз сол үлкен ұлттың этногенезінің өкіліміз. Біз өз заманымызда қалай озық бола аламыз. Сол себепті осы мақаланың ел дамуында алатын орны ерекше деп ойлаймын. Бұл тек басы деп саналады. Өйткені Елбасы айтып өткендей, әр азамат өзінің ой елегінен зерделеп, әсіресе зиялы қауым осыны халыққа жеткізіп, халық санасының еркіндігін, азаттықты әрі қарай көтере білсек. Әрине, рухы күшті ел, рухы мықты ел әрқашан да алда болатындығы белгілі.

Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттарға зерттеу жүргізу үшін «Архив-2025» бағдарламасы жасалады. Жобаны іске асыруға тарихшылар, деректанушылар мен мәдениеттанушылар атсалыспақ. Елбасы мақаласында осы жұмыстарға баса мән берілу керектігі айтылады.  

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:

- Бұл кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасында бастау алған болатын. Одан кейін «Рухани жаңғыруда» жалғасын тауып отыр. Осылайша біздің терең тарихымыздың жазбасы болсын, архелогиялық негізде болсын әлемдік мұрағаттарда жатыр. Әсіресе Қытай, Ресей елдері, Иран елдерінің архивтерінен көптеп табуға болады. Бұл табылған дүниелерді оқу процестеріне енгізуіміз қажет.

Ұлы даланың ұлы перзенттері бар. Ұлыларды ұмытпай, ұлықтау үшін ашық аспан астында оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы ашылып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериалдар жарық көреді.

Санат Көшкімбаев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:

- Тарихи кезеңдер ғылымға белгілі. Бірақ енді оны жан-жақты зерттеп, біріктіру керек. Бұл іске өнер қайраткерлері мен жазушылар да атсалысуы қажет. Мәселен, Сұлтан Бейбарыс, әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи және Абай сынды тарихи тұлғаларымызды насихаттауымыз керек. Біз осылайша өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарымызды дәріптейміз. Елбасының мақаласы соған ықпал етеді.

Көңілдегіні тап басып, қазақ өркениетін әспеттеген мақала жастардың танымын арттырмақ. Кейінгі ұрпақ бабалар аманатын түйсіну арқылы тәлім тәрбие де алады. Сондай-ақ Елбасының бұл ойтүрткісі «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы іспетті.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

- Біз соңғы кездері дамыған елдерден қалдық деп айтып жүрміз ғой. Сол себептен жастарымызды оқуға Батысқа, Еуропаға, Америка, Канада, Қытайға жіберіп отырмыз. Ол да дұрыс шығар. Бірақ біздің балаларымыздың қанында, генетикалық кодында жаңалыққа, инновацияға, бәсекеге қабілеті барын ашық айтуымыз керек. Себебі, олар бәсекеге, инновацияға жаңа технологияларға қабілетті екендерін біздің бабаларымыз дәлелдеді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасының бүгінгі мақаласын осыдан 1,5 жыл бұрын жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы деп қарастыру керек. Елбасы осы мақаласында тарихи сананы қалыптастыруға байланысты өзінің ойларын айтып, нақты жобаларды ұсынып отыр. Бұл мақала Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жасалып жатқан жұмыстарды әрі қарай жандандыруға, жаңа белеске көтеруге бағытталған.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» ұлтымыздың болмыс-бітімін, өркениет дамуындағы айрықша үлесін айқындап көрсетті. Сондықтан өткенді бағалап, қолда бардың қадірін білу және тарихи құндылықтарымызды қастерлеп, ұлықтау – ұрпақтың міндеті.

Авторы: Ж.Біркенов

Хабар 24 телеарнасы