378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Уақытша отбасы» жобасы қандай мақсатты көздейді?

  • 272
  • UPD: 22:17, 19.04.2019

Солтүстік Қазақстан облысындағы білім ошақтарының 80 проценті шағын  мектептер. Өйткені уақыт өткен сайын әсіресе ауылды жерлерде бала саны азайып барады.

Тіпті кей мектептерде сыныптардың көбі  жоқ. Осы мәселені шешу үшін өңірде «Уақытша отбасы» жобасы қолға алынған. Оның мәнісі неде?

Арина Лукьянова 10-сынып оқушысы. Қыркүйек айынан бастап қаңтарға дейін көрші ауылдан автобуспен қатынап оқып келген. Өйткені ауылындағы мектеп тоғыз жылдық. 4-5 ай бойы жол бейнетін көрген жасөспірім қазір еш алаңсыз білім алуда. Өйткені ол «Уақытша отбасы» жобасына ілінді.

Арина Лукьянова, мектеп оқушысы:

- Ерте тұрып аялдамаға баратын едім. Қыстың күндері суық. Тіпті кейде жол болмай қалып, мектептен қалатын кездер де болды. Әрине ыңғайсыз еді. Есесіне қазір бәрі жақсы. Сабағыма көп уақыт бөлемін.  

Аринаны Панчуктардың отбасы өз қамқорлығына алды. Отағасы Иванның айтуынша, жауапкершілік екі есеге артқан. «Өйткені өзгенің баласына бас көз болу, оңай шаруа емес» дейді ол.

Иван Панчук, Краснознамённое ауылының тұрғыны:

- Аринаны бұрыннан білеміз. Ата-анасымен де таныспыз. Дегенмен, ұсыныс түскенде көп ойландық. 4 ай болды бізде тұрып жатыр. Демалыста ауылына кеткенде кіші балам іздеп отырады. Қатты бауыр басып қалды. Бұрын қызымыз болса деп армандайтын едік. Енді міне отбасымыз тағы бір адаммен толықты.

«Уақытша отбасы» жобасы аясында баланы қамқорлығына алған жанұяға ай сайын 53 мың теңге жәрдемақы төленеді. Қосымша тағы 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тамағына деп қаржы беріледі. Бүгінде облыста барлығы 61 бала осындай жолмен патронатқа берілді. Ал бұл жоба әсіресе ауыл мектептерін сақтап қалуға септігін тигізеді.

Алмагүл Оспанова, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Біздің Солтүстік қазақстан облысының бір ерекшелігі бізде шағын жинақталған мектептердің көптігі, елді мекендерде. Сондықтан бұл жоба енгізіліп отыр. Өйткені бізде 1300 бала интернаттық жүйе бойынша тәрбиеленуде. 55 мектеп жанындағы интернатта. Сондықтан жаңадан осы жоба енгізіліп отыр балама ретінде.  

Бұл пилоттық жоба. Елімізде тек Солтүстік Қазақстан облысында  ғана жүзеге асырылып жатыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 33 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Самат Қайырденұлы, тілші:

-Бүгінгі күні облыста 485 білім ошағы бар. Оның 380-і толық емес мектеп. Бұл барлық мектептердің 80 проценті. Сондықтан көрші ауылдың балалары бүгінде осылай білім алуға мәжбүр.

Авторолары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы