420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда мектептердің жартысына жуығы дәстүрлі түрде оқиды

  • 161
  • UPD: 20:56, 27.08.2020

Павлодардағы мектептердің шамамен тең жартысы оқу жылын дәстүрлі түрде бастайды. Бұл негізінен оқушылар саны екі жүзге жетпейтін шағын мектептер. Қалған білім ошақтары қашықтан оқиды. Тек бастауыштар үшін кезекші кластар ашылады. Мұндағы оқушылар мектепке санитарлық талапқа сай кіргізіледі.

Павлодар қаласындағы 37 мектепте бала саны  бір мыңнан асады. Оның 492-сі бастауыш сынып оқушылары. Бұл облыс орталығындағы үлкен мектептердің  бірі. Биылғы  оқу жылы оңайға соқпайтыны анық. Себебі мектеп ұжымына сапалы білім, саналы тәрбие  берумен қатар оқушылардың денсаулығын сақтау жауапкершілігі жүктеледі. 

Ләйля Жүсіпова, №37 мектептің директоры:

- Бірінші қыркүйек күніне мектебімізде алты кіреберіс есік дайындалып тұр. Әрбір есіктен 15 топтан құралған бір ғана тобымыз мектепке кіретін болады. Жалпы мектебімізде барлық сақтық шаралары сақталған. Осы орталық есіктен кіретін 15 баламыз осы есіктен кірісімен мына аяқтың іздері арқылы белгіленген белгілермен мына В блогында орналасқан бірінші оқу кабинетімізге балалар кіреді. Өздеріңіз көріп отырғандай, осы бірінші сыныптың 15 баласына арналған оқу кабинеті. Бұл кабинетте де оқушылардың арасындағы жаңағы арақашықтық сақталған.

Сынып ішінде қолжуғыштар бар. Залалсыздардыру кілемшесі төселген. Балалардың міндетті түрде температурасы өлшенеді және маска режимі талап етіледі. Медициналық қолғап кию міндетті емес. Мұғалімдер санитарлық дәрігерлер  бекіткен нұсқаулармен танысу үстінде. Жұмыс сол алгоритм бойынша жүреді. Залалсыздандыру құралдарымен білім ошағы толық қамтамасыз етілген.

Айгерім Хамитова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Парталардың арасы 1,5 метр арақашықтық сақталады және де оқушыларда екі бетперде болады. Оны сағат сайын ауыстырып отыру міндетті. Біздің сыныбымызда кварц қойылған және де ол қоңырау сайын желдетіп, тазартылып отырады.

Бірінші тоқсанда бастауыш сыныптарда оқитын бес жүзге жуық  оқушының 286-сы мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Олардың ата-аналары кезекші сынып талабымен  келіскен. Ал 210  бала жоғары сыныптағылардай  үйде отырып оқиды. Аз қамтылған  және көп балалы отбасыларынан шыққан 60 шақты балаға  компьютер табыс  етілген. 

Ләйля Жүсіпова, №37 мектептің директоры:

- Жалпы біздің мектебімізде техникалық қамтамасыз ету жағынан қиындық жоқ. Мектепте екі компьютер кабинеті бар. Одан бөлек роботты техника кабинеті бар. ІТ технологиясы бар. Бастауыш сыныпқа арналған компьютермен жабдықталған бөлек кабинетіміз бар. Мұғалімдер бөлмесінде де ноутбуктеріміз бар.

Облыс бойынша 356 жалпы орта білім беру мектебінің 174-і оқу процесін қашықтан оқыту форматында бастайды. Мамандар  интернет жағынан қиындық туындамайды деп  сендіріп отыр. Білім беру басқармасы бұл бағыттағы жұмыстарды аудан әкімдерімен бірлесіп жүргізген.

Бибігүл Ақшолақова, облыстық білім беру басқармасы инновациялық даму орталығының жетекшісі:

- Төртінші тоқсанда уақыттың талабына сай барлығымыз қашықтан оқу форматына көшкен болатынбыз. Осы орайда Железинка және Баянауыл екі ауданымызда интернеттің жоқтығынан мәселе туындаған болатын. Қазіргі таңда біз осы үш ай бойы оқу жылына дайындық барысында әкімшілікпен жұмысты тығыз жасауды бастаған болатынбыз және осы жұмыстың нәтижесінде екі ауданға түгелдей 86 роутер тапсырылған болатын. Сол роутерлердың арқасында сол екі аудан интернетпен қамтылған. 

Павлодардағы 166 мектепте 2 мың  300 кезекші сынып құрылған. Яғни 28 мың 600 оқушымен 2 мың 200 мұғалім үшін жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде  басталады. Қалған ұстаздар жұмысты үйде отырып атқаратын болады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы