427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қашықтан оқу балалардың көзіне зиян – семейлік ата-аналар

  • 183
  • UPD: 22:02, 18.09.2020

Қашықтан оқу балалардың көзіне зиян. Семейлік ата-аналар осылай деп дабыл қағып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар онлайн оқуға қарсы. Соңғы кездері оқушылардың көру қабілетінің нашарлағанын дәрігерлер де байқаған. Себебі қаралуға келетіндердің саны екі есе артыпты.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Раушан Сәбитованың екі баласы да қашықтан оқиды. Биыл олардың көру қабілеті нашарлаған. Анасы оны онлайн сабақпен байланыстырады.

Раушан Сәбитова, ата-ана:

- Менің қызыма дәрігерлер прогрессивті миопия деген диагноз қойды. Сол көзі минус төрт жарым. Сондықтан көзіне салмақ түсіруге болмайды. Бірақ сабақты да оқу керек. Қазір толықтай тексеруден өтіп жатырмыз. Көзілдірік, линза, түрлі дәрумендер алу қажет. Оның бәріне қалтаны қағатыны анық.

Үшінші сынып оқушысы Олжас Болатов кезекші топта болса да, негізгі пәндерден өзге сабақты онлайн оқиды. Оқушы, мектепте білім алған әлдеқайда тиімді екенін айтады.

Олжас Болатов, оқушы:

- Маған мұғалім тақырыпты түсіндірсе, тез ұғамын. Ал, онлайн сабақ кезінде компьютерде отырып көзіміз ауырады. Жалығып та кетеміз. Кейде сабақ екі сағатқа созылады. Ол кезде телефон ойнап отырамын.

Оқушылардың көру қабілетінің нашарлағанын дәрігерлер де растап отыр. Себебі науқастардың саны артқан. Мәселен бұрын күніне қаралуға 5-6 адам келсе, қазір бұл көрсеткіш 20-ға жеткен. Дені жасөпірімдер.

Рузия Самигулова, офтальмолог:

- Қашықтықтан оқыту кезінде көзге үлкен салмақ түседі. Гаджеттер балалардың өсіп келе жатқан жанарларына өте қауіпті. Соңғы кездері біздің клиникаға келушілердің саны біршама артқанын байқап отырмыз. Аурудың алдын алу үшін біз науқастарға көзге жаттығу жасап, көбірек далада серуендеуге кеңес береміз.

Дәрігердің сөзін, көзілдірік сататын дүкеннің сатушылары да құптады. Себебі оларда да тапсырыс артқан. Алайда тәуелсіз сарапшы, балалар психологы Тілек Қасымханов: «Қашықтан оқу өзі оқушының көру қабілетіне айтарлықтай әсер етпейді», - дейді. Маман проблеманы балалардың гаджетке тәуелділігімен байланыстрады. 

Тілек Қасымханов, балалар психологы:

- Ең үлкен бір кеңес ата-аналарымызға: оқушыларымызды бақылау қажет. Ең бастысы – монитордың алдында отыруын, қозғалысын, демалу уақытын мұның бәрін ата-аналарымыз қадағалауы керек. Қазіргі ғаламторға бейімделуі бұл XXI ғасырдың ауруы деп айтуға болады. Себебі әрбір оқушы ойын ойнайды. Ғаламтордағы неше түрлі платформаларға қызығушылық танытады.

Мамандардың пайымдауынша жасөспірімдердің көру қабілетінің бұзылуына тек гаджет қана әсер етпейді. Бұл ретте оқушының генетикалық биімділігі мен өмір сүру салты көз патологиясының дамуына тікелей байланысты екенін естен шығармағанымыз абзал.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов 

Хабар 24 телеарнасы