422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құлсарыда демеушілер көмегімен бой көтерген екі балабақша жабылып қалды

  • 167
  • UPD: 21:01, 21.10.2020
Құлсарыда демеушілер көмегімен бой көтерген екі балабақша жабылып қалды

Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында демеушілер көмегімен бой көтерген екі бірдей балабақша екі жылға жетпей жабылды, хабарлайды «Хабар 24».

Нысандардың әрқайсысы 1 млрд 128 млн теңгеге салынған. Сапасы сыр берген бөбекжайларда бұған дейін 500-ден аса бүлдіршін тәлім алып келді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Сыртынан хан сарайындай болған бұл балабақша қазір жұмыс істемейді. Құрылыс кезінде кеткен салғырттықтың салдарынан қабырғасы қақырап, едені шөге бастапты. Іргесі де сөгілген. Жауын-шашыннан жертөле суға толады. Сордың үстіне салынған екі балабақшаның да бүгінгі жағдайы осындай.

Айсұлу Қариева, балабақша меңгерушісі:

- Жылдан жылға қайталануына қарағанда биылғысы тіпті ұлғайып кетті. Бұл енді жеңіл-желпі жөндеуге келмейді. Шағымдандық. Мердігер мекеме келіп жасады жөндеу жұмыстарын. Бірақ қайталанып тұр.

Жауаптылар әуел баста жобалау жұмыстарынан қателік кеткенін айтады. Осы жағдайға байланысты ондағы бөбектер басқа балабақшаларға көшіріліпті. Бірақ бұл бөбекжайлар құжат түрінде апаттық деп танылмаған. Арнайы құрылған комиссия шешімімен енді сау тұрған бөлмелерге балаларды қайтадан қабылдау басталмақ.

Нұрберген Құсайынов, Жылыой аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Ол балабақшалар апаттық жағдайда емес. Оған «апаттық жағдайда» деп шығаратындай арнайы экспертиза тағайындалған жоқ. Қазіргі таңда бала барып жатқан жоқ. Бірақ нақты түрде жабылды деген шешім шыққан жоқ оған.

Алайда ата-аналардың бұл бөбекжайларға балаларын әкелуі неғайбыл. Себебі, «оқыс оқиға бола ма» деп, олар да қорқады. Құрылыстағы олқылықтың орны қашан толатыны да әзірге белгісіз.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы