423,09 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚТЖ бизнес өкілдерін ойға қонымсыз келісімге қол қоюға мәжбүрлеген

  • 301
  • UPD: 20:13, 09.06.2020

Экспедиторлық компаниялардың қаржысы талан-таражға түспеу керек. Кәсіпкер Бақытбек Қадыров осылай деп дабыл қақты.

Айтуынша, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы бизнес өкілдерін ойға қонымсыз келісімге қол қоюға мәжбүрлеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бас тартқандарына қолдан кедергі жасап, істерін тұралатып тастады», дейді. Әбден тығырыққа тіреліп, шаш етектен шығынға батқан кәсіпкердің жанайқайын арна тілшісі Аслан Қаженов тыңдап қайтты.

Аслан Қаженов, тілші:

-Көлемі 11 шаршы метр, ал сыйымдылығы 1000 контейнер. Бұл – бидай сақтау қоймасында орналасқан еліміздегі ең алғашқы және ең ауқымды контейнерлік алаң. Тіпті ТМД төңірегінде теңдесі жоқ. Яғни, дәл осы жерден әлемнің кез келген нүктесіне жүк жөнелтуге болады. «AUDACIA Express» және «AGROMEAN» компаниялары астық индустриясы саласына осындай жаңашылдық әкеліп, әне-міне игілігін көреміз деп отырған. Бірақ бірер ай бұрын басталған құжатбастылық барлық шаруаны тұралатын тастады. Нақтырақ айтқанда, «Қазақстан темір жолына» қарасты «ҚТЖ – Жолаушылар тасымалы» компаниясы еліміздері барлық экспедитор мен жүк жолдаушыларды арнайы келісімге қол қоюға мәжбүрлейді. Ал, оның негізінде осы компаниялар ақшасын олардың рұқсатынсыз қолдану жатыр екен.

Бакытбек Кадиров, «AUDACIA Express» ЖШС директоры:

- Қандай құжат болмасын оған қол қоюға мәжбүрлеу дұрыс емес. Өйткені егер мен оны мақұлдасам, кейін өз қаржымды басқа біреулердің басқаруына рұқсат берейін деп тұрмын. Бұл мәселені бұған дейін біраз көтердім. Тіпті екіжақты келісімге келіп, кейбір бөлімдерін алып тастауға уағдаластық. Бірақ бәрібір ішіндегі негізгі талап өзгеріссіз қалып отыр. Бұл үлкен күмән тудырады.

Ақыры Бақытбек Қадыров бұл құжатқа қол қоймады және айта кету керек, отандық экспедиторлар арасында келісімге келмеген жалғыз компания. Яғни, басқалары келісті. «Бірақ мәжбүрлі түрде», дейді кейіпкеріміз. Оған дәлел, келсімге келмейтінін жеткізгеннен кейін кәсібінде кедергілер пайда бола бастапты. Атап айтқанда, вагондар бір сағатқа жетер-жетпес уақытта толтырылғанымен, оны рәсімдеу бірнеше күнге созылған. «Осының салдарынан үлкен шығынға баттым», дейді. Ұлттық компания болса, барлығы заң аясында және ешқандай мәжбүрлеу болмағанын айтады. Жауап ресми тілде ғана келді. Ал, құзырлы министрліктен мынадай ақпарат алдық.

Цитата:

Берік Қамалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- ҚР Азаматтық кодексінің 1-бабы 378-тармағында келісім екі немесе бірнеше тұлғалардың белгілеу, өзгерту немесе тоқтату азаматтық құқықтары мен міндеттері деп танылады. Осыған байланысты жоғарыда баяндалғанның негізінде үлгі шарттың нормаларында қамтылмаған және екінші тараппен келісілмеген қосымша шарттарды таңу азаматтық заңнамаға қайшы келеді және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға әкеп соқтыруы мүмкін деп есептейміз.

«AUDACIA Express» компаниясы жылына шамамен 500 мың тонна өнім тасымалдайды. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты жұмыс та, табыс та шектелген. Сәйкесінше, оның тұтынушылары да ыңғайсыз жағдайға тап болды. Келісімге қол қоймауға қатысты шешімді компанияның бір ғана клиенті қолдады. Салдарынан Көкшетаудағы осы ұйым да қазір шығынға батып жатыр.

Бакытбек Кадиров, «AUDACIA Express» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

- ҚТЖ АҚ басшылығы үлкен мінберлерде саланы қарқынды дамыту қажеттігі жайында жиі айтады. Бірақ оған қарасты компаниялар әрекеті қарама-қайшы. Өйткені олар бүгін ақшамызды басқаруға рұқсат сұрап отыр. Ертең вагондарымызға, одан кейін мүліктерімізге иелік етем деуі мүмкін ғой. Бұның қажеті қанша? Мен үшін осы нәрсе түсініксіз.

Қысқасы – мәселе заң аясында және жақын арада шешіліп, елдегі жүк тасымалы, сәйкесінше, экспорт саласы бұрынғы қалыпта жұмысын жалғастырады деген үмітін білдірді кәсіпкер.

Авторлары: Аслан Қаженов, Әділғазы Төлеміс, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы