Биыл жаздың аптап ыстығынан бірқатар өңірді құрғақшылық жайлады. Салдарынан егін науқанында өнімділік азайды. Атап айтқанда 180 мың гектар егін күйіп кеткен. Негізінен Павлодар облысының фермерлері шығынға ұшырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі: «1 миллион гектардан астам егіннің жай-күйі нашар», - деп отыр. Қырғызстаннан судың аз бөлінуінен қант қызылшасын егетін Жамбыл облысының шаруалары да зардап шекті. Премьер-министр Әлихан Смайылов осыған қатысты шұғыл шаралар қабылданғанын жеткізді. Үкімет резервінен қаражат бөлінетін болды. Премьер-министр «Бәйтерек» холдингіне құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың несиелерін төлеу мерзімін ұзарту және оны қайта құрылымдау мәселесін пысықтауы қажеттігін айтты. Бұл жағдай бақылауда болмақ. Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: - Жеткілікті көлемде өнім жиналады. Қазақстандықтар нансыз қалмайды. Сонымен қатар климаттың өзгеруі мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы үшін үлкен қауіп-қатерге айналып отыр. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалануды күшейту бойынша Жол картасын әзірлеу қажет. Өңірлер белсенді түрде су үнемдеу технологияларын енгізуі тиіс.