388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грекияның қаржы саласы оңалып келеді

  • 593
  • UPD: 18:28, 14.07.2017

Грекия 2010 жылы басталған экономикалық дағдарыстан енді ғана ес жиып, етек-жеңін жинауға көшкен.

Өйткені ел бюджеті дефицитінің көлемі азайып, қаржы жағдайы тұрақтала бастады. Бұл гректер еліне қарыз берушілердің талабын сәл-пәл азайтуға негіз болғанымен, экономикалық көмек бағдарламасы жалғаса береді. Үшінші көмек бағдарламасы келесі жылы аяқталуы тиіс.

Грекияның қаржы саласы бір жүйеге түсіп, Афина бір серпілді. Өйткені Еуропалық одақ бюджет дефициті көлемінің шамадан тыс артық болуына байланысты қолданып келген тәртіптік шараларды алып тастауы тиіс. Бұған қоса 2009 жылы Афина үшін есігі жабылған құнды қағаздар нарығына қайта шығуға да жол ашылғалы тұр.

Пьер Московиси, Экономика және қаржы істері жөніндегі еурокомиссар:

- Еурокомиссия Грекияға қоданылып келген процедураны тоқтатуды ұсынады. Бұл грек елі үшін де, Еуроаймақ үшін де маңызды.

Ал одақ тәртібі бойынша ұйымға мүше елдердің барлығы ел бюджетінің дефицитін 3%-дан асырмауы тиіс. Талапты орындай алмаған елге санкциялар мен айыппұл салынады. Өткен жылы Грекия мөлшерден тек 0,7%-ға ғана артқан. Ал биыл оның көлемі 1,2%-ды құрауы мүмкін. 

Алексис Ципрас, Грекия премьер-министрі:

- Қазір біз талап етілетін мөлшерге қайта оралуға қол жеткіздік. Биылғы дефицит 1,2% болса, келесі жылы ол 0,6%-ға дейін түседі деген болжам бар.

Алайда дефицит көлемін арттырғаны үшін қолданылатын шара тек 28 елдің келісіммен ғана алынады. Егер Еурокомиссияның ұсынысы бірауыздан қолдау тапса, Грекияға қысым азаяды.

Пьер Московиси, Экономика және қаржы істері жөніндегі еурокомиссар:

- Грекия одақ пен Еурокомиссия алдындағы міндеттерін орындады. Барлығы елде жүргізілген реформаның арқасы. Қазір мемлекеттік қаржы саласында тәртіп орнап, бақылау жақсарған. Басқаша айтқанда, Грекия еліне сенім артып келеді.

Ал өткен аптада ортақ аймақтың қарыз берушілері Грекияға 8,5 млрд еуро көлемінде кезекті несие бөлді. Жалпы көлемі 86 млрд еуроны құрайтын үшінші қаржылай көмек бағдарламасы келесі жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Мақсұт Меделханов

Хабар 24 телеарнасы