383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытай ауаның ластануымен қалай күресуде?

  • 817
  • UPD: 10:03, 20.02.2019

Қытай билігі де ауаның ластануына қарсы шаралар қабылдап, күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, елдегі 338 қалада ауаға таралатын зиянды қалдықтардың орташа тығыздығы 9,3проценке төмендеген. Яғни ресми ақпаратқа сенсек, ауа жылдан жылға тазарып келеді. Дегенмен кешеден бері Бейжіңді боз түтін басып тұр. Көршіміз көк аспан үшін күресті қалай жүргізіп жатыр?

Былтыр қабылданған жоспарға сәйкес металлургия, энергетика және көмір өндіру салаларында құрылымдық реформалар жүрізілді. Қазір елдің түпкір-түпкірінде 3 мыңға жуық экологиялық монтиторинг жасайтын станциялар мен жылжымалы бекеттер құрылған. Ал қоршаған ортаны қорғау министрлігінің штаты 12 мың испектормен толықты. Ведомство алдағы күндері осы жылдың жұмыс жоспарын жарияламақшы.

Лю Бинцзян, ҚХР экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігі жанындағы атмосфера департаментінің директоры:

– Ауаны ластаған және оның сапасын бұзғандарға қарсы шара қолданбаған басшылар жауапқа тартылады. Маңызды аудандарда күз бен қыс кезеңінде ауаның ластануын бақылаудың барысы ай сайын жарияланып тұрады.

Лю Бинцзян Қытайда ауаның сапасы жақсарғанымен, ірі кәсіпорындардың әлі де зиянды қалдықтардан толық арыла алмай отырғанын мойындайды. Мәселен, Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй аймағы ауаның бір шаршы шақырымына елдегі орташа деңгейден 4 есе артық зиянды заттар шығарады. Тұрғындар оны желсіз күндері жиі сезеді.

Ли Юань, Бейжің тұрғыны:

– Қазір ауа біраз тазарып қалды. Бұрынғыдай емес, көк аспанды көретін болдық. Бүгін мен үшін соншалықты түтін емес, сондықтан бетперде кимей шықтық.

Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй аймағы Қытай жерінің баржоғы 7,2 процентін алып жатыр. Бірақ мұнда Қытайдағы болат шикізатының 43%, кокстың 49%, дәрі-дәрмек қоспаларының 60% және шынының 32% өндіріледі. Елдегі көмір жағатын өнеркәсіптердің көбі де осы өңірде шоғырланған.

Ма Юнь, қоғамдық және экологиялық мәселелер институтының директоры:

– Халықтың таза ауамен тыныс алғысы келетіні орынды. Қазір бұл мәселеге билік те ерекше назар аударады. Соған сай ауа ластануының көрсеткіші тұрғындарға ашық жариялайтын болды. Қоршаған ортаны қорғау заңнамасын өрескел бұзған кәсіпорындарды әшкерелеп, жазалау да жария түрде жүргізіліп келеді. Осылайша жұрт экологияны сақтауда қандай шаралар жүргізіп жатқанын бақылап отырады.

Нұрбек Бекен, тілші:

– Ресми Бейжің түтін басқан күндер бір жылға шыққанда азайып келе жатқанын жиі айтады. Бірақ бүгін Қытай астанасының аспанын бозғылт түтін тағы тұмшалап тұр. Текше метрге тараған зиянды қалдықтың мөлшері 177-ні көрсетіп тұр. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, Қытай көмірді экологиялық таза энергиямен алмастыру міндетін мықтап қолға алған. Қазір елде газ бен электр ғана емес, энергияның баламалы түрлері де қолданылады. Солтүстік аймақтағы жылу электрстансалары көгілдір отынға алмастырылып жатыр.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы