386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АҚШ-тағы қанды оқиғаларға не себеп?

  • 129
  • UPD: 21:05, 05.08.2019

«АҚШ-тың Эль-Пасо қаласындағы атысты ішкі терроризм деп қабылдау керек». Осылай деген аймақтық прокурор қандықол қылмыскерді өлім жазасына кесуді сұрады.

Естеріңізге салайық, 3 тамызда шаһарда 21 жастағы Патрик Крузиус есімді жігіт халыққа оқ жаудырып, 20 адамды опат қылған еді. Тағы 26-сы жарақат алған. Мерт болғандардың арасында екі бала бар.

Дәл сол күні Огайо штатында да атыс болып, бірнеше адам қаза болды. Осы екі қанды оқиғаның бір-бірімен байланысы бар ма?

Дэйтон қаласында да шабуыл болып, 9 адам қаза тапқан. Тағы 27 адам жарақат алды. Огайода ылаң салған қаскөйдің есімі белгілі - ол 24 жастағы Коннор Бетс. Айдың күннің аманында болған қос қайғылы оқиғаның түбірі бір - ол АҚШ-тағы қару-жарақтың қолжетімділігі.

Қаза тапқандарды еске алу үшін Огайо штатының тұрғындары Дэйтонның басты алаңына жиналды. Қанды шабуылдың құрбандарын еске ала отыра, қару-жарақтың еркін айналымына тыйым салуды талап етті. Естеріңізге салсақ, ойын-сауық құратын жерге мұздай қаруланып барған Конор Бетс, көңіл-көтеру орнының кіреберісінде жұртшылыққа оқты қарша боратқан. Атылған оқтың бірі өзінің туған әпкесі Меган Бетске тиіп, ол да оқиға орнында көз жұмды. Алайда, күллі АҚШ-ты күңіреткен бұл жағдай ғана емес.

Дэйтондағы оқиғадан 20 сағат бұрын Техаста бұдан да сорақы жағдай болды. Патрик Круисус есімді қаныпезер Уолмартта атыс ұйымдастырды. Қаннен-қаперсіз дүкен аралап жүрген 20 тұрғын қапыда көз жұмды. Тағы 26-сы жарақат алды.

Айта кетерлігі, Эль-Пасо қаласында негізінен Мексикадан келген босқындар тұрады. Қайғылы оқиға олардың оларға да сақтанып жүруді үйретті. Өшпенділікке толы осындай әрекеттен кейін олар өз өмірі үшін қорқатын болды.

Габриелла Агуэрра, АҚШ тұрғыны:

Осындай қаскөйлерден қорқатын болдық. Біз бейбіт халықпыз, мүмкін кей адамдар мәдениетімізді түсіне қоймайтын да шығар. Бірақ біз ешқашан жанжал іздемейміз. Америкаға балаларымыздың болашағы үшін ғана келдік. Өзге ұлттар сынды біздің де бұған құқығымыз бар. Біз басқалардың діні мен діліне құрметпен қараймыз. Өзге тұрғындар осыны түсінсе екен дейміз.

 

Мексика үшін П.Круисус нағыз террорист

АҚШ-тағы қандастарының өмірі үшін Мексика билігі де алаңдаулы. Елдің сыртқы істер министрі мәлімдегендей, қажет болса қаскөйді Мексиканың өзі жазалауға дайын.

Марсело Ебрард, Мексиканың Сыртқы істер министрі:

-Республиканың бас прокуроры күдіктіні экстрадициялау туралы шешім қабылдау үшін мәселенің мән-жайына қанығатын болады. Егер олай істеу үшін қандай да бір дәйек табылса, бұл мәселе дер кезінде шешімін табады. Әзірге белгілісі мынау -  Мексика үшін бұл адам нағыз террорист.

 

Жаңа Зеландия: Жаһандық қатерді бірге еңсеру қажет

Өкінішке қарай, нәсілшілдік АҚШ-тың ғана проблемасы емес. Естеріңізге салсақ, наурыз айында Жаңа Зеландиялық Крайстчерчте мұсылмандарға қарсы шабуыл жасалған болатын. Осы орайда Жаңа Зеландия премьер-министрі жаһандық қатерге бірлесе күресуге шақырып отыр.

Жасинда Ардерн, Жаңа Зеландия премьер-министрі:

- Эль-Пасода қаза тапқандардың туған-туысына қайғырып көңіл айтамыз. Өз басымыздан дәл сондай жағдай өткен соң Жаңа Зеландия құрбандардың жақындары қазір қандай күйде екенін жақсы түсінеді. Өшпенділік, зорлық пен нәсілге бөлінуді доғару үшін әлем болып бірігуіміз керек.

Жаңа Зеландиядағы лаңкестік әрекетті тілге тиек етудің мәнісі бар. Крайстчерчте оқ атқан содыр әлеуметтік желіде мұсылмандарға қарсы манифест жариялаған болатын. Эль-Пасода ойран салған Патрик Круисис содан үлгі алған көрінеді. Оның пікірінше, АҚШ-ты мексикалықтар жаулап алған. Өшпенділікке толы бұл идеяны ол ашықтан ашық ғаламторда жариялаған. Демократиялық партия атынан Президенттікке үміткер Бето О’Рурк бұған Ақ үй басшысын кінәлап отыр.

Бето О’Рурк, демократиялық партия атынан ақш президенттігінен үміткер:

Эль-Пасодағы жағдайға Дональд Трамптың өзі жауапты. Өйткені ол расизм, өшпенділік пен фанатизмнің отын тұтатып отыр. Балық бастан шіриді. Сондықтан бұл мәселенің қайдан туындап отырғанын бәріміз де жақсы түсініп отырмыз.Оның иммиграцияға қарсы саясатына ұлт болып қарсы төтеп беруіміз керек.

Осылайша, сайлауалды науқан кезінде демократтар Дональд Трампты аяқтан шалудың әдісін тапқан сыңайлы. Ия, АҚШ Президентінің босқындарға жұлдызы қарсы екені мәлім. Бірақ, Трамптың бейбіт күнде АҚШ азаматтарының өлім құшқанын қаламайтыны белгілі. Оған қоса, Трамптың тұсында ғана оқ атылды деу бекер. Жалпы қару-жарақтың еркін айналымы Америкадаға ең өзекті мәселе. Мысалы мына картада оқ-дәрінің атылу жағдайлары көрсетілген. Мысалы, тек биылдың өзінде АҚШ-та 33195 рет оқ атылған. Оның ішінде қару-жарақ 255 рет қасақана ұйымдастырылған шабуыл кезінде қолданылды. 8782 адам опат болды. 17453 адам жарақат алды.

АҚШ-тағы қанды оқиғалардың басты себебі - қару-жараққа қатысты заң. Мұндағы әр адам жеке басын қорғау үшін қару ұстауға құқылы. Кез келгеннің қолында жүрген мылтық бірде болмаса, бірде атылары сөзсіз. Мұның өте қауіпті екенін бұрынғы президент Барак Обама да ескеріп, заңға өзгерту енгізбек болғанмен, конгрестен қолдау таппаған еді. Сөйтіп біреулерге арман болған Америка, біреулер үшін қауіптің ошағы болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы