386,66 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кой-Таштағы жағдай: тілшіміз оқиға орнынан хабар таратады

  • 145
  • UPD: 23:17, 08.08.2019

Кой-Ташта не болып жатыр?

БАҚ жарыса жазып, әлеуметтік желі шулап жатқан мәселе осы, деп хабарлайды «Хабар 24». Қырғызстандағы тілшіміз мән-жайды біліп, анықтауға тырысты.

Елді дүрліктірген Кой-Таштағы атой кешқұрым уақытта басталған. Атыстың дауысы шықты деген алғашқы хабарламалар 19:30 шамасында келіп түсе бастайды. Куәгерлердің айтуынша, мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасақтары көз қаратпай, құлақ жаратын қол гранаталары мен резеңке оқтарды қолданған. Нысан қылып тек экс-президентті емес, оның қасында болған қарапайым азаматтық тұлғаларды да алады. Дегенмен бірнеше сағатқа созылған шабуыл сәтсіз аяқталды. Қорғанған топ, керісінше, арнайы жасақ әскерлерін кепілдікке алады. Ізінше Ұлттық қауіпсіздік комитетіне талап қойып, жасақты ауылдан әкетуін бұйырады. Нәтижесіз келіссөздерден соң арнайы жасақ пен тәртіп сақшылары елді мекеннен кетеді. Десе де 50 шақты адам түрлі деңгейде жарақат алды.

Фарид Ниязов, А.Атамбаев штабының жетекшісі:

– Билік тарапынан конституция мен заң қатаң бұзылып жатыр. Билік арнайы жасақты әдейі жіберген. Түбі осылай қақтығыспен аяқталарын біліп отыр ғой. Халықтың оңайлықпен берілмейтінін біледі. Сонда да осындай қадамға барған. 2010 жылғы 7 сәуірдегі революцияны еске түсіру керек. Содан-ақ Қырғызстан халқының қаруы жоқ болса да қайтпасы көрініп тұр ғой.

Алмазбек Атамбаев жекежайының бүгінгі кейпі осы. Анықтап қарағанда, кешегі шабуылдың қалай өткенін аңғаруға болады. Атамбаев жақтастарының әскерден қорғанған тастары да сол қалпы шабуыл орнында қалған. Ал ауыл тұрғындары түк болмағандай кешегі оқиғаны қызу талқыға салуда. Соған қарағанда Кой-Ташта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскерилері қалмаған. 

Токтайым Уметалиева, құқық қорғаушы:

– Қазір халық атынан Алган Клычев сөз сөйледі. Ол кешегі келіссөздер кезінде келісімге келгенін айтты. Арнайы көлік жіберілсе, әскери қызметкерлер мен қаруларын салып, оларды жібереді. Кеше кепілге түсіп қалғандарды аман-есен үйлеріне жеткізу қажет. Олар да халықтың балалары ғой. Арнайы өкіл шығып, оларды ешкім ұстап отырған жоқ деді. Себебі кеше арнайы жасақ біз халықтың жағындамыз деген екен.

Бүгінде Алмазбек Атамбаевтың жақтастары наразылық акциясын өткізуді жоспарлап отыр. Олар Бішкектегі «Форум» ғимаратының қасына жиналмақ. Әзірге ереуілдің жай-жапсары белгісіз. Құқық қорғау органдарының барлық құрылымдарына дайын тұру бұйрығы берілді.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы