423,04 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус қаптама арқылы жұға ма – ДДСҰ жауабы

  • 323
  • UPD: 20:53, 14.08.2020

Коронавирус қалай, қайдан жұғады?

Бұған дейін әркім ойды сан-саққа жүгіртіп, дүрлі деректер айтып келген еді. Енді вирус азық-түлік қаптамасынан да табылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Қытайдың бірден екі қаласында ет өнімдерінің қаптамасынан COVID-19 анықталған. Мұндай жағдай Жаңа Зеландияда да тіркелді.

ЕТ ҚАПТАМАСЫНАН ВИРУС АНЫҚТАЛДЫ

Қытайдың бірден екі қаласында мұздатылған тауар қаптамаларынан коронавирус анықталды. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады. Елдің оңтүстігінлдегі Шэньжан қаласында тауық етінің сыртқы бөлігінен ковид-19 ға алынған үлгілер оң нәтиже көрсеткен. Ал,  солтүстік-батыстағы Сианьда қауіпті вирус сатылымдағы шаянның қаптамасынан анықталған. Бұл тауарларды пайдаланған тұрғындарда коронавирус табылмады. Дегенмен, әлем жұртшылығы бұл жаңалықты естіп алаңдай бастады.

Чжао Лицзян, Қытай СІМ ресми өкілі:

– Бұл оқиғаға байланысты тиісті салалармен тығыз жұмысты бастап кеттік. Импортталған елдермен бірге ғылыми зерттеу жұмыстарын бастадық. Осы арқылы коронавирустың қаптамада қалай пайда болғанын анықтаймыз. Кеселдің тарап кетпеуі үшін қолдан келгенін жасаймыз.

ТАУЫҚ ЕТІ МЕН ШАЯН СЫРТТАН ӘКЕЛІНГЕН

Шэньчжен билігі импортталған тауық еті Бразилиядағы Аврора зауытынан келгенін анықтады. Бұл тауық және доңыз етін импорттайтын Бразилиядағы ауқымы жағынан үшінші кәсіпорын екен. Зауыт басшылығы Қытай тарапынан оқиғаға қатысты хабарландыру алмағанын айтады. Десе де кесел ары қарай тарап кетпес үшін кәсіпорында зерттеу жұмыстарын жүргізетінін мәлімдеді. Ал Сиань қаласына шаян Эквадордан әкелінген екен. Бұл кәсіпорындар тауарларын зарарсыздандырып, қызметкерлерін тексеруге кіріскен. 

ҚАПТАМАДАҒЫ ВИРУС

Жаңа Зеландияда да осындай жағдай. Окленд қаласында төрт адамнан құралған отбасы мүшелерінен коронавирус анықталған. Науқастар шетелге шықпаған және сырттан келген адамдармен байланыста болмаған. Ал ел ішінде соңғы 102 күнде бірде-бір вирусты жұқтырған дерек тіркелмеді. Медицина мамандарының айтуынша, отбасы мүшелерінің бірі вирусты қоймадағы тоңазытқышта сақталған тауар қаптамасынан жұқтыруы мүмкін.

Эшли Блумфилд, Жаңа Зеландияның бас санитарлық дәрігері:

– Вирус анықталған төрт адам мүлдем шетелге шықпаған. Турист немесе шетелдіктермен байланыста болмаған. Сондықтан қазір вирустың жұғу жолын анықтап жатырмыз. Өйткені бұл отбасымен байланыста болған 13 адамнан COVID-19 анықталып отыр.

12 КҮНДІК КАРАНТИН ЕНГІЗІЛДІ

Билік бірден Окленд қаласында 12 күндік карантин жариялады. 1,7 миллион тұрғыны бар шаһарда шектеу шаралары 26 тамызға дейін жалғасады. Кесел тарап кетпес үшін ондаған мың адамды тестілеуден өткізу жоспарланып отыр.

Джасинда Ардерн, Жаңа Зеландияның премьер-министрі:

– Елімізде соңғы үш айда ешкімнен вирус анықлмаған еді. Енді адамдарды бірден оқшаулап, кеселдің тарауына жол бермейміз. Шектеудің басты талабы – тұрғындардың үйде отыруы.

ДДСҰ: ВИРУС ҚАПТАМА АРҚЫЛЫ ЖҰҚПАЙДЫ

Иә, мұндай жаңалықтардан соң әлем жұртшылығының алаңдауына себеп бар. Десе де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус қаптама арқылы жұқпайды деген мәлімдеме жасады. АҚШ-тың ауруларды бақылауда ұстау орталығы да COVID-19 тек адамнан адамға жұғады деп отыр. Яғни науқастың түшкіру немесе жөтелуі арқылы вирус ауаға тарайды. 1,8 метрге дейін науқасқа жақын тұрған адам ғана кеселді жұқтырып алуы мүмкін.

Майк Райан, ДДСҰ төтенше бағдарламалар директоры:

– Қытай тауар қаптамаларына тестілеу жүргізген. Барлығы жүзден астам тауардың онынан ғана вирус анықталды. Шынында коронавирус қаптама сыртында болуы мүмкін. Бірақ вирус азық-түлікте болса, тамақты дайындау кезінде жоқ болып кетеді. Жалпы, індет тамақ немесе қаптама арқылы тарайтынына бірде-бір дәлел жоқ. Сондықтан әлем жұртшылығын сабырға шақырамыз.

Жалпы, ғылымға сүйенсек, температура минус 20 градус кезінде вирустар екі жылға дейін өмір сүреді екен. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, әлем сарапшылары да дәл осы коронавирус азық-түлік немесе қаптама арқылы жұғуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығарып отыр. Десе де сақтансаң сақтаймын деген.

Авторы: Жансұлу Дүйсенәлі

Хабар 24 телеарнасы