421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиль коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізуге кірісті

  • 169
  • UPD: 23:32, 17.08.2020

Әзірге бірқатар ел вакцинаны ойлап тапқанымен, қолданысқа енгені жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл істе асығыстық болмауы керектігін айтады мамандар. 

Бүгінде әлем ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцинаны жарыса жасап жатыр. Өйтпеске амал жоқ. Себебі кеселдің қаупі сейілер емес.

Евгений Качман, жетекші инфекционист дәрігер:

– Қазір коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеумен бірнеше америкалық компания айналысып жатыр. Оксфорд университеті де осы істі қолға алған. Нес-Ционадағы биология институты дайындап жатқан израильдік вакцина тағы бар. Бірақ олардың бәрі түрлі жолмен әзірленуде. Мәселен, израильдік вакцина америкалық не британиялық дәрілерге қарағанда әлі сынақтан өткізудің бастапқы кезеңінде.

Израиль мамандарының айтуынша, әлем елдері бәсекеге түскен бұл бәйгеде бірнеше вакцина пайда болады. Соның арқасында олардың тиімділігін салыстыруға мүмкіндік тумақ. Десе де әзірге дайын вакцина жоқ. Оны әзірлеп, тәжірибеден өткізуге бір жылдай уақыт керек. 

Евгений Качман, жетекші инфекционист дәрігер:

– Вакцина ойлап табу қиын шаруа емес. Бүгінде оны Израиль, АҚШ, Англия мен Ресей елдері ойлап тапқан. Басты мәселе – оның тиімді екеніне көз жеткізу. Сондықтан жаңа дәрі алдымен жануарларға тексеріледі.

Одан кейін вакцина адамдарға 2 кезеңде сыналады. Алдымен шағын топтарда өткізіледі. Ол жаңа дәрінің адам өліміне әкелмейтінін немесе жанама әсері жоғын білу үшін қажет. Бұдан соң иммунитеттің COVID-19-ға тойтарыс бере алатынын анықтау мақсатында вакцина үлкен топтарда қолданылады. Бұл бірнеше ай, тіпті бірнеше жылды қажет етеді.

Юрий Ранков, Тель-Авив қ. бірінші медициналық орталығы халықаралық департаментінің директоры:

– Індет басталғаннан кейін бір-бір жарым айдан соң вакцинаның пайда болу мерзімі айтыла бастаған еді. Алайда вирусолог мамандар мен микробиологтар бір жарым жыл өтпей вакцинаның жаппай өндіріле бастауы екіталай екенін айтады.

Қалай болғанда коронавирустың емі табылуы тиіс. Тек бұл істе асығыстық болмауы керек екенін айтады мамандар.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы