420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістандық блогерлер биліктен TikTok-ты қайтаруды талап етті

  • 118
  • UPD: 22:43, 30.12.2020

Үндістандық блогерлер шу шығарды. Олар биліктен TikTok-ты қайтаруды талап етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарты жыл бұрын Үндістан үкіметі жастар арасында аса танымал қосымшаға тыйым салған еді. Билік тағы 59 шетелдік платформаны жауып тастаған. Үндістан Ақпараттық технологиялар министрлігінің мәлімдеуінше, ұялы қосымшаларға салынған тыйымға қарсы жүздеген мың адамнан шағым түскен.

Үндістан шетелдік бағдарламаларға тыйымды еріккенен салған жоқ. Ұялы қосымшалар елдің егемендігіне, тіпті тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірген. Қара тізімге Қытайдың 59 платформасы кірді. Жергілікті барлау қызметінің мәліметі бойынша аталған ұялы қосымшалар қолданушының құрылғысындағы ақпаратты белгісіз жаққа жіберіп отырған. Тыйымды енгізу ісін Үндістан мен Қытайдың арасында жазда болған қарулы қақтығыс жеделдетіп жіберді.

Рахул Кришнан, блогер:

- Ақыры тыйым салған екенсің, енді оның орнына басқа бірдеңе жасап берсеңші. TikTok өте танымал әлеуметтік желіні жайдан жай тоқтатып тастауға болмайды. Бүгінде бұл алаңда көптеген контент жасалады. Соңғы бір жылдың өзінде біздің елде 90 мың мүйізі қарағайдай блогерлер шықты. Үкіметке ашық хат жаздық. Ұялы қосымшаны қайтарсын немесе орнына басқа бизнес-платформа дайындап берсін. Көп адам нанын осы блогтардан тауып жүр.

Блогерлер жолдаған ашық хатқа бірнеше мыңдаған компания да қол қойды. Себебі тыйымның кесірінен жергілікті жарнама нарығының шығыны еселеп артқан. Ал олардан босаған орынды шетелдік пиар-компаниялар басуда. Жаңа заң шыққанға дейін Үндістан әлем бойынша ең ірі нарықтың бірі болатын. Биыл TikTok-ты жүктеген 2 миллиард жағдайдың 30%-і Нью-Делиге тиесілі.

Рамеш Самен, жарнама компаниясының pr-менеджері

- Бұл тыйым әрбір үшінші қолданушыға және әрбір екінші IT-компанияға кері әсер етті. Санкцияның кесірін 500 миллионнан астам белсенді қолданушы сезінді. Ал компаниялардың шығыны кемінде 500 мың долларды құрайды. Бізді жарнамадан түсетін қыруар табыстан айырды. Енді бұл ақша басқалардың қалтасына түсіп жатыр.

Бірақ Үндістан билігі блогерлер мен IT-бизнесмендер қанша шырылдаса да, жағдай енді еш өзгермейді деп турасын айтуда. Ал компаниялар ойын-сауық контентінен түсетін активтерін шетелге салатынын ескертуде.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Алексей Родионов

Хабар 24 телеарнасы