383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Опера» театры гастрольдік сапармен Ташкентке барды

  • 123
  • UPD: 22:53, 11.07.2019

Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай «Астана Опера» театры гастролдік сапармен Ташкентке барды.

Жас ұжым күні кеше Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық театрының  үлкен сахнасында  ұлттық өнердің жауһары «Абай» операсын қойды. Қазақстандық опера жұлдыздары осылайша өз өнерлерімен ташкенттіктерді тәнті етті. Өнер сүйер қауымға театр труппасы Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын да сахналамақ.

Әлішер Науаи атындағы театрда ине шаншыр орын болмады. Қойылым тіпті аншлагпен өтті. Бұл көрші ел халқының қазақ өнеріне деген құрметін көрсетсе керек.Ал, Қазақтың алтын дауысты, күміс көмей әншілерінің гастролдік сапарын «Абай» операсымен бастауы да кездейсоқтық емес. Өйткені келер жылы әлемдік музыкалық қауымдастық қазақтың ұлы ақыны, Абайдың 175 жылдығын атап өтпек. Сахнада басты рөлді сомдаған танымал әнші Сүндет Байғожин Абайды тану арқылы қазақ халқының мол мұрасына үңілуге болады дейді. 

Сүндет Байғожин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бар әлемдегі бейбітшілікті сүйген Абайдың осы сахнада орнын тауып, осы күні, осы сәтте дәл қазір көрсетіп жатырмыз. Өте қуаныштымын. Бұндағы көрермендердің енді өзімізге жақын ғой. Бауырлас ел болғаннан кейін өте жылы қарсы алып жатыр. Соған біздің көңіліміз толып, әртістеріміз әріптестеріміз одан сайын шабыттанып, өз өнерін жақсы қырынан көрсеткісі келіп, барлығымыз тырысып жатырмыз. 

Шынында да  көпшіліктің аяқтан тік тұрып қолдау көрсетуі  әртістерге ерекше шабыт берді. Сахна декорациясы мен сәнді киім үлгісі. Өнер жұлдыздарының  өз кейіпкеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен әуезді сүйемелдеу қойылымды ерекше әрілендірді. Сахна төрінде орын алған тұтас әлем көрермен назарын ерекше баурады.Өзбекстандық өнер сүйер қауым сахна төрінде көптен бері мұндай тұшымды туынды көрмегенін айтады. Тіпті көрші елдің опера әншілері де өз әсерін жасырмады.

Диляра Ахметшина, Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық театрының  концертмейстері:

- Біз бүгін Қазақ ұлттық операсын тыңдауға әдейі келдік. Өте қуаныштымын. Декорациясы керемет, өте қатты ұнады. Киім үлгілері өзгеше. Әртістердің дауыстары керемет. Сондай бір ерекше сезіммен тыңдадық. Өйткені біз үшін бұл қойылым өте маңызды.

Румия Девликамова, Ташкент тұрғыны:

- Бұл Ташкенттік көрермендер үшін, біз үшін күтпеген тосын сый болды. Өткені бұл операны Қазақстанға барып тамашалауды армандаған едік. Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай бізге оны көру бақыты бұйырыпты. Бұл шын мәнінде күткенімізден де жоғары болды. Спектаклді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Декорациясы мен әуені үйлесім тапқан. Меніңше көршілер көрермендерді ерекше сезімге бөлеп тәнті етті.

Жалпы өзбекстандықтардың Абайға  деген құрметі ерекше. Өткен жылы көрші ел президентінің жарлығымен ақынның ағартушылық мұрасы кеңінен зерттеліп, шығармалары насихатталды. Өзбекстандықтардың көз аймына айналған спектаклді музикалық сүйемелдеген Симфониялық оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ахмет Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев  жетекшілік етті. Жас ұжымның ауыз бірлігінің арқасында  мығым ірге тасы қаланды. Астана опера театры бұған дейін де көптеген әлемдік сахналарында өнер көрсеткен. Ал бұл жолғы қойылым шын мәнінде ерекше, болды дейді, атақты дирижер.

Алан Бөрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы дирижер:

- Бізде өте мықты команда жасақталған. Оркестр мен хордың қыз-жігіттерін ерекше атап өткен жөн. Балеттің және техникалық қызметтің орны бөлек. Меніңше бүгін сол ұжым өз ара тығыз ауыз бірлікте еңбек етіп, шын мәнінде жоғары деңгейде спектакль сахналадық деп айта аламын. Көріп тұрғаныңыздай, Ташкенттің көрерменнің ерекше құрметіне бөлену біз үшін ең үлкен жетістік.

Астана опера театрының жас әрі өнерлі ұжымы енді Ташкенттік  көрермендерге Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын сахналамақ. Бұндай шаралар екі ел арасындағы мәдени байланыстың жаңаша дамуына негіз болады, дейді көршілер. 

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Тимур Исмаилов

Хабар 24 телеарнасы