386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде «Тұлпар мініп, ту алған!» республикалық байқауы өтеді

  • 234
  • UPD: 09:50, 19.07.2019

Жазғы мезгілде мектеп оқушыларының дені кітапты ысырып қойып, алаңсыз демалысқа кетсе, кейбірі 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын жаттап жүр.

Себебі олар қыркүйек айында болатын «Тұлпар мініп, ту алған!»  республикалық байқауына қатысуға ниетті. Жырды мәнерлеп, жатқа айтқан жеңімпаз 1 млн теңге иеленеді. Байқау еліміздің барлық өңірлерінде өтеді.

Шіліңгір ыстық пен демалысқа қарамастан бұл оқушылар мектептен шықпай,  байқауға дайындалып жүр. «Қобыланды батыр» жырының бізге 29 нұсқасы жеткен болса, әдебиетші ғалымдар бұл сынға Марабай жыраудың нұсқасын таңдап алыпты. 

Эпостық дастан 132 беттен тұрады.

Фарида Рашид, 8-сынып оқушысы:

- Бастапқыда Қобыландының қалай дүниеге келгені, сонымен қатар оның бала кезден қандай  батыр болып өскендігі айтылады. Бұл поэма, біздің есте сақтау қабілетімізді жақсартады. Және де өзіміздің тарихымызды білу, бізге артық етпейді деп ойлаймын. 

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы  елімізде осымен  екінші рет өткізілейін деп отыр. Оқушылар өткен жылы  «Алпамыс батыр» жырын жаттаған.

Жамбыл Тілепов, «Қазақ эпос» республикалық қоғамдық қорының қызметкері:

- Бүкіл республика бойынша,  5621 мектептен 51 328 оқушы 23 138 мұғалім тіркелген болатын осы байқауға қатысу үшін. Алматы қаласы бойынша 106 мектептен 1043 оқушы, 553 мұғалім тіркелді. Қазіргі таңда жаз болса да, оқушылар, мұғалімдер қызу дайындық үстінде. 

Әр ауданнан жеңімпаз атанған мектеп оқушылары, қалалық байқауға жолдама алады. Ал Алматы қаласы бойынша байқаудың алғашқы кезеңі қыркүйек айында өтеді. «Қобыланды батыр» жырын мәнерлеп, жатқа айтқан әр аймақтың жеңімпазы 1 млн теңгеден қаржылай сыйлық алады. Екінші орынға 600 мың, 3 орынға 300 мың теңге беріледі. Ал,жыл соңында олардың құрметіне «Нұр-Сұлтан» қаласында гала-концерт болады.  

Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы