376,74 415,79 5,93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Димаш Құдайберген: Болашақта «Грэмми» алсам деп армандаймын

  • 339
  • UPD: 23:07, 12.12.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Димаш Құдайберген «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Күні кеше Нью-Йоркте дүркіретіп концертін өткізген отандасымыз бүгін елге ұшып келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақтың брендіне айналған өнерпазды қарақұрым халық әуежайдан күтіп алды.

Бұл – Димашты күтіп тұрған сәт. Мұхиттың арғы жағында мыңдаған көрермен алдында жоғары деңгейде концертін өткізген отандасымыз елордаға бүгін түстен кейін ұшып келді.

Көп ұзамай «Қазақстан» концерт залына келді. Осы жерде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Димаш Құдайбергенге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.

Президенттің Жарлығымен Мемлекеттік награда мен медальдар мәдениет пен спорт саласының 20-дан астам адамына табысталды. Бәрі де елдің атын асқақтатып жүрген өз істерінің шеберлері. Ал, Димашқа келсек, ол тағы бір мәрте қазақтың атын айдай әлемге паш етті емес пе?! Бұл жолы мұхиттың арғы жағында, Нью-Йоркте.

Қанат Айтбаев, Димаш Құдайбергеннің әкесі:

- 60 мемлекеттен келген әртүрлі ұлттың өкілдері біздің елдің туын ұстап, біздің еліміздің жалауын көтеріп, біздің елге үлкен құрмет жасады. Сол бізді тебірентті. «Дайдидау», «Елім менің» секілді әндерді қосылып шырқады. Яғни, рухымызға рух қосты. Шабытымызға шабыт қосты.

Димаштың концерті кезінде Бейонсе, Мадонна, Рианна сынды жұлдыздар өнер көрсеткен әйгілі «Барклайс-центр» алаңында өтті. Ұлттық брендімізге айналған әншіміз қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде әндер шырқады. Бұл белестің отандасымыз үшін жөні бөлек.

Димаш Құдайберген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Бұл концерт менің бала кезгі арманымның орындалғаны. Бала кезден бері осы Америкада үлкен стадионда қазақ әндерін айтып, қазақтың күйін күмбірлетуды армандадым. Осы күнге дейін жүрегімде әуелеп келді. Қазір одан әрі тырысып, болашақта «Грэмми» алсам деп армандаймын.

Арманы асқақ Димаштың! Жетеріне үмітті де. Себебі, артында тілеуін тілейтін қазақ елі тұр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы