364,44 419.00 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында 3 ауылдың арасына алғаш рет асфальт төселіп жатыр

  • 182
  • UPD: 08:05, 30.07.2018

Маңғыстау облысындағы Шерқала-Шайыр-Жыңғылды сүрлеуіне тұңғыш рет асфальт төселіп жатыр.

Аймақ басшысы көтерген игі бастама өлке туризмінің дамуына тың серпін бермек. Себебі осы жол саяхатшыларды  киелі өңірдің Шерқала тауы, Ақмыш сайы, Қызыл-қала сынды көрнекті орындарына апарады. Қазір Шетпеден Шайырға дейінгі дала жолының 10 шақырымы тегістеліп жатыр. Жол құрылысының бірінші кезеңіне 10-ға тарта ауыр техника мен осы шамада жергілікті тұрғын тартылған.

Шайырда тұратын Наурызбай Шәуенов бір айдан бері осы жол құрылысының басында жүр. Міндеті жүк көліктеріне бағыт сілтеп, астында кесек тасы көп сүрлеуге төселіп жатқан топырақ жабындының көлемін өлшеу. Ол бұған дейін туған жеріне іргелес Қызан ауылына асфальт жол салуға араласқан тәжірибелі мамандардың бірі.   

Наурызбай Шәуенов, Шайыр ауылының тұрғыны:

- Осы айдың 10-да сол жұмысты бітіріп келдік. Енді бұл жол бұрындары нашар болды. Сол себепті қазіргі бағытымыз асфальт жол деп санап отырмыз. Бұл енді халықтың игілігі үшін. Бұрынғы жолдағы шоқалақты асфальтпен тегістейміз, ретке келтіреміз деп еңбек етіп жатырған жағдайымыз бар. Басқа жерден алған объектілеріміз бітіп, сол техникалар осы жерге келіп, жұмыс үсті-үстіне жүріп жатыр.

Шайырлықтар Шетпеге жету үшін бір сағаттан аса уақытын жолға жұмсайды. Олар аудан орталығына сауда-саттық жасауға, жұмыс көзін іздеуге, бастысы емхана мен теміржол вокзалы үшін барады. Қиыршық тасы  дөңгелек қиятын сүрлеумен біз де жүріп өттік. Көлік жылдамдығын 30 шақырымнан асырсаңыз, далада қалуыңыз мүмкін. Арнайы техникалар тізгіндеген құрылысшылар асфальт салу биыл аяқталса, арақашықтықты 20 минутта еңсеруге болады деп отыр. Мұны естіген ауылдықтардың қуанышында шек жоқ.

Санақбай Тілегенов, Маңғыстау ауданының құрметті азаматы:

- Тұрған жеріміз қасиетті, киелі, тарихи орын. Біріншіден, мынау Ақмыш, Қызылқала. Бір жағымыз Шерқала. Бұл енді болашақ туристердің орталығы болатын жер деп есептеймін. Облыс әкімі бір жиналыста Шайыр мен Шетпенің арасына Жыңғылдыға дейін жол салынады деген. Осы жыл биыл Шайырға жетсе ең кемі, біз соған көп рахмет айтар едік.

Маңғыстау ауданындағы үш елдімекен арасын ұзындығы 37 шақырым жол жалғайды. Шетпеден басталатын 17 шақырымында асфальт жабынды бар. Қалып тұрған 20 шақырымына жол салуға облыс бюджетінен 3 млрдқа жуық қаржы қаралған. Құрылыс сапасын 2 мыңдай халық тұратын Шайыр ауылдық округі әкімдігінің мамандары бақылап отыр. 

Бердібек Нұрғожаев, Шайыр ауылдық округінің әкімі:

- Осы жылдың басында осы жұмыс басталып жатыр. Мынау бірінші кезеңі. Яғни жолдың астыңғы қабатын дайындау. Жоспар бойынша 10 шақырым жерге асфальт төселеді деген мақсат бар. Шайыр мен Жыңғылды арасындағы 10 шақырым бұйырса келесі жылға қарастырылған. Ол бізді аудан орталығына айналмай, тікелей облыс орталығына шығып кетуге ыңғайлы жолдардың бірі болып есептеледі.

Осы сүрлеу Маңғыстаудың табиғаты көркем жерлерінің бірі - Ақмыш сайының жанынан өтеді. Жасыл желекке көмкеріліп, бұлақ суы сылдыраған орында жылына жүздеген саяхатшылар аялдайды. Қазір мұнда ауыл кәсіпкері абаттандыру шараларын жүргізіп, дәмхана, қонақ үй салуды көздеп отыр. Жолда қызмет көрсету кешендерін тұрғызуды жол құрылысымен бірге аяқтау жоспарда бар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Мирас Нарымбет

Осы категория бойынша: « Қызылорданың бас жоспарына бірқатар өзгеріс енгізіледі Семейде жылу маусымына дайындық қарқынды жүргізіліп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы