365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ордабасыда саманнан салынған мектептер жойылады

  • 259
  • UPD: 09:28, 01.09.2018

Түркістан облысы Ордабасы ауданында саманнан салынған 5 мектеп бар, оның үшеуінде оқушылар үш ауысыммен оқиды.

«2022 жылға дейін бұлардың орнын типтік мектептер алмастырып, мәселе толығымен шешіледі», – дейді жергілікті билік. Ал ауданда бүгін су жаңа 3 білім ордасы пайдалануға берілмек.

Ордабасы ауылындағы бұл орта мектептің қабырғасы осыдан 60 жыл бұрын қаланған. Саманнан соғылған білім ордасының қанша жөндеу көрсе де жаңармасы анық. Парта, тақталары сонау кеңестік кезеңнен бері қолданылып келеді. Ескіні жамағаннан гөрі жаңа мектеп тұрғызуды қажет деп тапқан жергілікті билік 200 орындық типтік білім ошағының құрылысын бастап кеткен. Жаңа білім ұясы оқушыларды келер жылдан бастап қабылдайды деп жоспарланып отыр. Ал көрші Теспе ауылының балалары 1 қыркүйекті жаңа оқу орнында қарсы алады. Қазір мұнда Білім күніне арналған соңғы дайындықтар пысықталып жатыр. Су жаңа ғимаратта білім алуға оқушылар да асық.

Сәкен Өскенбаев, оқушы:

- Ескі мектепте спорт залы жоқ еді. Сондықтан дене шынықтыруда қысы-жазы даладағы алаңда ойнайтынбыз. Ал енді жаңа мектебімізде қыстың күні де волейбол, баскетбол, футбол да ойнай аламыз.

Теспе орта мектебі облыстық бюджет қаражатына тұрғызылды. Қазынадан бұл мақсатқа 540 миллион теңге жұмсалған. Бір жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып отыр. Ішіндегі құрал-жабдықтара дейін жаңарған. Интерактивтік тақта, лингафон және компьютер сыныптары осының айғағы. Ауыл тұрғындары енді балаларымыз сапалы білім алатын болды деп қуанып отыр.

Тоғайбай Пазылов, Теспе ауылының тұрғыны:

- Көптің көкейінде жүрген мектеп еді. Заманауи мектеп болса дейтінбіз, себебі іргеміздегі елді мекендерде салынған. Міне, ауылымызда үлкен мектеп ашылып, қуанып отырған жағдайымыз бар.

Қазір ауданда саманнан соғылған 5 және үш ауысыммен оқытатын үш мектеп бар. Жаңа оқу жылында олардың саны 3-ке қысқарады. Келер жылы ауданда үш ауысымдық мектеп мәселесі толығымен жойылады. Саз балшықтан соғылған білім ұялары да жаңа мектепке алмастырылады.

Мұхитбек Сәрсенбеков, Ордабасы аудандық білім бөлімінің бас маманы:

- Аудан көлемінде қазір саманнан салынған 3 ауысымға өту қаупі бар мектептеріміз бар. Осы мектептерге 7 мектептің құрылысын бастадық. Келер  жылы пайдалануға берілетін болады.

Ордабасы ауданында 14 жаңа мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Қазір олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Содан соң облысқа жолданады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Осы категория бойынша: « Білім күні Ақтөбеде екі мектеп ел игілігіне тапсырылды Қостанай облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы көмекке мұқтаж »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы