383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда жедел жәрдем қызметінің сапасы артты

  • 372
  • UPD: 23:25, 20.10.2018
Павлодарда жедел жәрдем қызметінің сапасы артты

Ертіс өңіріндегі жедел жәрдем қызмет көрсету жүйесі елімізде алғашқылардың бірі болып цифрландыру технологияларын енгізді.

Салада жүзеге асырылған инновациялық жобалардың көмегімен науқасқа толыққанды қызмет көрсетудің сапасы ғана емес, жету уақыты да қысқарды. Мәселен, бір шақыртуды өңдеп, дәрігерлер бригадасын жіберуге 2 минут қана жұмсалады. Сын сағатта пациентке көмек қолын созатын дәрігерлердің жұмысымен әріптесім Ақмарал Есімханова танысты.

Станцияның реанимациялық бригадаға қоғамдық орыннан шақырту түсті. Ақ желеңділер науқасқа санаулы минуттарда жетіп, медициналық қызмет көрсетті. 54 жастағы ер адам дәрі ішіп, анафилактикалық шок алған.

Павлодар жедел жәрдем станциясы күнбе-күн 800-ге жуық шақырту бойынша қызмет көрсетеді. Ал жыл басынан бері 250 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетілген. Дәрігерлер бригадалардың барлығы осындай заманауи көліктермен қамтылған.

Ерлан Сманов, жедел жәрдем станциясының фельдшері:

– Елбасы медицина қызметкерлерін әрдайым қолдайды. Жолдауында жуырда жалақыны көтеру жайында айтты. Ол біз үшін стимул. Озат мемлекеттерден кемшілігіміз жоқ. Біздің ренимациялық машинамыз стационардағы ренимация бөлімшесі сияқты автономды жұмыс істей алады. Өйткені бізді кислород бар көп уақытқа жететін және де ауыр жағдайда науқастарды транспортировка жаса аламыз. Алтын сағат деген бар, алтын сағатта үлгеру керекпіз.

Тілші: Елбасы Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды бөлігі екенін баса айтты. Бұл бағытта маңызды жұмыстар қолға алынған. Облыс бойынша 65 бригада болса, жедел-жәрдем көліктерінің барлығы заманауи құралдармен жабдықталған. Жаңашық технологиялар күрделі шақыртуларға жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік туғызды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Павлодар жедел-жәрдем станциясында енгізілген инновациялық технологиялар өз жемісін беруде. Ең бастысы, медициналық қызмет көрсету сапасы мен жеделдігі артты. Мәселен, қазіргі таңда науқасқа жету уақыты 8 минутқа, ал қала сыртында орын алған жол-көлік оқиғаларына жету уақыты 14 минутқа қысқарды. Бұл – республика бойынша үздік көрсеткіш.

Мамандар инсульт, қантамыр айналымы аурулары және жол-көлік оқиғалары бойынша түсетін шақыртулардың көбейіп кеткеніна алаңдаулы. Мәселен, жыл басынан бері ми-қан айналымы бойынша 1800-ге жуық шақырту түскен. Бұл былтырғы жылға қарағанда 3,5%-ға артық. Осы тұрғыда мамандардың біліктілігін арттыруға баса назар аударылған.

Қанадан Ахметжанов, жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

– Ең бірінші, жеделдік дейміз, жылдамдық бригаданың баруы 90%-дан 98%-ға көтеріліп отыр. Екіншісі, енді реанимациялық көмектің пайызы өсті. Бір, екі, үш жыл бұрын 15% болса, қазір оның жағдайы, мониторинг жағдайы жедел-жірдем апарғанда, әкелгенде, бұны бақылауға алғанда, оның нәтижесі 15%-дан 48,2%-ға дейін көтеріліп отыр.

Сала мамандары бойынша тапшылық жоқ. Бүгінде станциядағы еңбек ететін 1 мыңнан астам маман электронды құралдармен қамтылған. Қағазбастылықтан арылу нәтижесінде бір жылда 10 млн теңге үнемделген.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы