389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астананың бейімдеу орталығында жаңа жылды 200-ге жуық адам қарсы алмақ

  • 736
  • UPD: 11:09, 31.12.2018

Жаңа жылды жақындарымен емес, жалғыз қарсы алатын адамдар мерекеден көп үміт күтеді.

Әсіресе, тағдыр тәлкегіне ұшырап, жақындарынан айырылып, үй-күйсіз қалған жандарға керегі – қамқорлық пен жылулық. Бүгінде елорданың бейімдеу орталығында күн кешіп жүрген осындай азаматтардың саны 200-ге жуықтайды.

Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Астананың саршұнақ аязында далада түнеп, жертөлелерді мекендейтіндер көп. Елордада көше кезіп жүргендерге көмек беретін орталық бар. Әлеуметтік патруль қызметі қаланы аралап, далада қалғандарды осы жерге шақырады. 

Жаңа жылдық кешті 171 адам әлеуметтік бейімдеу орталығында қарсы алады. Үйі жоқ, жұмысы жоқ, ажырасқан, балалары бас тартқан жалғыз жарым жандар. Тағдырлары әр түрлі. 

Сәуле Абсадықова, психолог:

– Көбінесе оларға керегі – қамқорлық пен жылулық. Бірақ көбінесе ішімдікке салынған адамдар. Олармен жұмыс істеу өте қиын.

Орталыққа өз еркімен келгендердің бірі – Дулат Көптілеуов. Жасы 65-те. Оның құжаттары бес жыл бұрын жанып кеткен. «Жақын жандарының қазасынан кейін осындай жағдайға тап болдым», – дейді ол.

Дулат Көптілеуов:

– Әркімнің басында әр түрлі отбасылық жағдай болады. Інім қайтыс болды, інімнен кейін қарындасым өмірден озды. Біраз ауыртпалықтар болды. Енді соның жетегінде кетіп қалдық.

Бейімдеу орталығы Дулат Көптілеуовтің құжаттарын қайта жасап, зейнетақысын рәсімдеп жатыр. Мамандығы – инженер-құрылысшы. Кезінде құрылыс мекемелерінде басшылық қызметте болған. Қанша адасса да, біліктілігін жоғалтпаған ол бос уақытында ғимараттардың сызбаларын жасап, кітап оқиды. 

Дулат Көптілеуов:

– Мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін көп оқимын. Сосын оны жалғыз өзім ғана оқып қоймаймын. Көрші бөлмедегілер менде газет бар екенін біледі.

Мерекелік кешті жақындарымен емес, жалғыз қарсы алатын адамдар жаңа жылдан көп үміт күтеді.

Дулат Көптілеуов:

– Кәрілік жасына келгеннен кейін артымдағы адамдарға қарап, дұрыс өмір сүруге тырысып жүрмін. Артта қалған жаманшылықтардың бәрін ұмытып, дұрыс жолға түссем бе деген ойым бар.

Дегенмен аңдағанымыз, мұндағылар қарынның ашқанына емес, қадірдің қашқанына налиды.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Акшабаев

Хабар 24 телеарнасы