417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-дағы маңызды автокөлік жолдарын күтіп ұстау міндеті жеке кәсіпорындарға жүктеледі

  • 1680
  • UPD: 17:47, 16.01.2019

Батыс Қазақстан облысында халықаралық және республикалық маңызға ие автокөлік жолдарын күтіп ұстау міндеті жекеменшік компанияларға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты Оралдағы жол пайдалану кәсіпорнын сенімгерлік басқару құқығымен жекенің қолына беру туралы шешім қабылданды. Енді «Қазавтожол» компаниясының филиалы да осы әдіспен жекеге берілмекші. Өз кезегінде жекеменшік компаниялар техникаларды жаңғыртумен қатар өз қаржысына инфрақұрылымды дамытады және жаңа жұмыс орындарын ашады.

Бұл – Қазталов ауданының Тереңкөл ауылы мен Жәнібек ауданына қарайтын Күйгенкөлдің арасындағы жағдай. Қалың қарда омбылған ондаған көлікті құтқаруға ескі техника қауқарсыз.

Әлия Салиева, арнайы мониторингтік топтың жетекшісі:

– Біз шекарадағы облыс болғандықтан, өңірдегі жолдар арқылы Қытай мен Ресей арасында қатынайтын жүк көліктері өтеді. Сондықтан жолдардың дер кезінде аршылып, жағдайы жақсы күйде болғаны өте маңызды. Бұл сайып келгенде экономикамыздың өрістеп, бизнестің қанат жаюына да өз әсерін тигізбей қоймайды.   

«Орал-Тасқала-РФ» трассасында да осындай жағдай. Ұзындығы 100 шақырым болатын жолды тазалауға 4 техника тартылған. Ал «Қазахавтодор» кәсіпорны жалпы ұзындығы 1400 шақырымға жуықтайтын халықаралық және республикалық маңызға ие 8 жолды күтіп ұстауы тиіс еді. Бірақ кәсіпорынға қарасты небәрі 49 техника бұл жауапты міндетті атқаруға қауқарсыз.

Ержан Төлешев, учаске шебері:

– Техникалар әбден тозған. Осыдан 10 жыл бұрын алынған грейдерлер де жиі сынады. Егер олар істен шықса қар басқан жолдарды аршуға жұмсалатын алтын уақытты зая кетіреміз.    

Руслан Мүгиев, «Қазақавтожол» БҚО филиалының бас маманы:

– 10-15 шақты техниканы жалға алып отырмыз. Осылай техника жетіспеушілігі мәселесін шешкен боламыз. Жалға алуға қанша қаражат бөлінеді, сонша техника аламыз.

Биыл аймақтағы облыстық маңызға ие 1724 шақырым жолды күтіп ұстауға 480 миллион теңге бөлінген. Облыстық маңыздағы жолдардың жағдайына жауапты басқарма техника жетіспеушілігі мәселесін жеке кәсіпорындардың көмегімен шешіп отыр.

Бауыржан Айтмағамбетов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– 2018 жылдан бастап күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 жылдық күтіп ұстау жұмыстарнына мемлекеттік сатып алу өткізіліп, бүгінгі күнге 9 мердігер мекеме анықталып өзінің жұмыстарын атарып келеді. Облыстық маңызы бар 1724 км жолға 9 мердігер өзінің жұмысын атқаруда. Жалпы 74 техникамен қамтылған.

«Өңір билігі халықаралық және республикалық маңыздағы жолдар проблемасын бизнестің көмегімен шешуге мүдделі. Яғни «Қазақавтожол» кәсіпорнының аймақтағы филиалын сенімгерлік басқаруға беру арқылы мәселені оң шешуге болады», – дейді мамандар. Қала көшелеріндегі тазалықты да кәсіпкерлер өз мойнына алып отыр. Мәселен, «Жайық таза қала» кәсіпорны сенімгерлік басқару құқығымен өңірдегі жекеменшік компанияның қолына өтті.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Газизов, Қанат Махмутов

Хабар 24 телеарнасы