423.81 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында медициналық мекемелер 100% цифрландырылды

  • 1507
  • UPD: 15:20, 31.01.2019

Науқастар енді дәрігердің қабылдауына тіркелу үшін кезекке тұрмайды, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Атырау облысы бойынша медицина саласын цифрландыру бағдарламасы толық аяқталды. Енді басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар мобильді цифрлы қосымшалар арқылы өзі таңдаған денсаулық сақтау мекемесінің ғаламтордағы желісі арқылы өтініш береді. Бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ұсынған жетістіктердің бір парасы ғана.

Электронды жүйелер арқылы дәрігерлер қағазбастылықтан арылды. Қазіргі таңда облыстық деңгейдегі 34 медициналық мекеме толықтай цифрландыру бағдарламасына көшірілді. Ақпараттық технологиялардың мұндай жетістігіне тұрғындардың да күн санап ықыласы ауып келеді.

Павел Зубов, Атырау қаласының тұрғыны:

- Бұрын қиын болды, ерте келіп, сағаттап кезекте тұратын едік. Бүгін мен «Дәрігерге» деп аталатын мобильдік қосымшаның көмегімен тіркеліп, 1 сағат уақыт аралығында медициналық тексеруден өттім. Қаншама уақытымды үнемдедім. Бұрын медициналық тексерудің өзіне 1-2 күн кететін.

Атырау қаласындағы әр емханаға ең кемі 38-40 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Олардың барлығының электронды денсаулық сақтау паспорты ашылды. Цифрландырудың экономикалық пайдасы да зор. Мәселен, бір ғана медициналық ақпараттық жүйенің көмегімен биылдың өзінде 65 млн теңге үнемделеді екен.

Күлшара Жұмағалиева, Атырау қаласы №5 емхананың директоры: 

- Рентген-флюро цифрлы аппараты жаңадан қондырылды, осының нәтижесін өзіміздің рентгенолог оқиды, облыстық тубдиспансердегі орталық бар, сол орталықтан екінші маман оқып, қорытындысы электронды түрде келеді. Оны барлық дәрігер көріп отырады. Мұның өзі көптеген жағдайды қолжетімді қылды. Сондай-ақ алдағы уақытта ЭКГ, тредмил, басқа да кардиостандарттар, УЗИ аппараттарын осындай цифрландыруға өткізу жоспарымызда бар.  

Цифрлық жүйенің көптеген артықшылықтарының бірі, енді кез келген науқас өзге медициналық мекемелерге барса да, оның бүкіл ауру тарихы электронды желіде сақталып тұрады. Бұл екі жақтың да уақытын үнемдеп, есесіне мамандар басқа науқастарға да жиі көңіл бөліп жатыр. Жыл басынан бері мобильдік қосымшалардың өзін 93 мың адам пайдаланып үлгерген.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Темірлан Сұлтанғазы, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы