378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сталинград шайқасын бастан өткерген өжет қария жүз жасқа толды

  • 71
  • UPD: 23:14, 09.05.2019

Тарихи деректерге үңілсек Екінші дүниежүзілік соғысқа Қарағанды облысынан барлығы 45 мың адам аттанып, соның 18 мыңы майдан даласында қаза болған екен.

Қазір аймақ бойынша небәрі 95 ардагер қалған. Соның бірі Нина Сорокина. Өрімдей жасында қолына қару алып, жауға қарсы тұрған батыр әжеміз жуырда 100 жасқа толды.

Соғыс ардагері Нина Сорокинаны Жеңіс мерекесімен құттықтап келіп жатқан жұрттың қарасы көп. Жастар, түрлі мекеме өкілдері, кезінде бірге еңбек еткен әріптестері барынша сый-сияпат жасап жатыр. Батыр әжеміз оларға сұрапыл жылдар жайлы естеліктер айтып, сүйікті әндерін шырқап берді.

- Наше счастье молодое мы стальными штыками оградим

Нина Сорокина медициналық институтты бітірген жылы алапат соғыс басталған. Воронежде қалуға мүмкіндігі бола тұра, ол өз еркімен майданға сұраныпты. Әуел баста комиссариат қарсылық білдіргенмен, кейін рұқсат берген. Осылайша 22 жастағы өрімдей қыз Сталинград түбіндегі шайқастың ортасына түсті.

Нина Сорокина, соғыс ардагері:

- Бірде жау оғының астында қалдық. Жас сарбаздың бірінің қолына оқ тиіп, ауыр жараланды. Теріге ғана ілігіп тұрған қолын сол жерде кесіп тастауға тура келді. Аты Саша болатын. Шамамен 20 жастағы жігіт. Сонда ажал аузында жатып «мен енді соғыса алмаймын ба» деген оның бір ауыз сөзі әлі күнге жадымнан кетпейді. Осындай қайсар жігіттер болып еді.

Батыр әжеміз соғыстан кейін де қоғамдық жұмысқа белсенді араласты. Қырық жыл мемлекетке қызмет қылды. Кейін зейнетке шыққан соң да әскери комиссариатта 25 жыл еңбек еткен. Қайраты қайтпаған қария қазір де қол қусырып отырған жоқ. Соғыс жылдарындағы естеліктері жайлы кітап шығарған. Қазір екіншісін жазып жатыр. 

Думан Бәкіров, облыстық қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары:  

- Нина Николаевна мен келген кезде 1998 жылы Сарыөзек гарнизонынан келген кезде осы кісі мені қабылдап алған-тын. Мен ол кезде старший лейтенантпын, шекарадан келген кезде. Бұл кісімен көп жылдар қызметтес болдық. Бізден бұл кісі 81 жасында пенсияға кетті.   

Нина Сорокина жуырда ғана 100 жасқа толды. Жалғызбасты әже барлық жұмысты өзі істеп үйренген. Әлі күнге тамағын пісіріп, киімін де өзі жуады екен.  Қан майданның ортасынан оралып, ғасыр жасаудың сыры неде деген сұрағымызға ол бір шумақ өлеңмен жауап берді. 

Нина Сорокина, соғыс ардагері:

- В огне сражений вместе мы горели,

мы не умели в пол накала тлеть.

И если это все мы одолели,

то старость можно тоже одолеть.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы