389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде экологиялық талап күшейтіледі

  • 367
  • UPD: 23:40, 20.05.2019
Елімізде экологиялық талап күшейтіледі

Жаңа экологиялық кодекс қабылданса, табиғатты пайдаланушыларға қойылатын талап күшейеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кодекс жобасы халықаралық стандарттарға сай жасалған. Мысалы, ірі зауыт салатын компания құрылысты бастамас бұрын «кешенді экологиялық рұқсатнама» алуға міндеттеледі. Бұрын бұл құжатты жоба іске асқаннан кейін рәсімдеуге болатын еді. Одан бөлек, экологиялық төлемдер мен айыппұлдардан түсетін қаржы қоршаған ортаны қорғауға жұмсалмақ. Кодекс жобасын талқылаған мамандардың айтуынша, жергілікті жерлерде арнайы төлемдердің 20-30 проценті ғана осы мақсатқа бөлінеді. Сондай-ақ жаңа жобада көрсетілгендей, зауыт иелері өз аумақтарының экологиялық ахуалына жауапты болады. Ауасы, суы мен топырағы ластанса, тазалауға міндетті. Ал өндірісте қоршаған ортаға зияны аз жабдықтарды пайдаланулары керек.

Айта кетейік, қазіргі экологиялық кодекс 2007 жылы қабылданып, содан бері 70 рет өзгертілген. Жан-жақты талқыланып жатқан жаңа кодекс жобасы жыл аяғында Парламент қарауына жіберіледі.

Елдос Абықанов, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Кодекстің негізгі мақсаты – экологияға зиян келтірудің алдын алу іс-шараларын қалыптастыру. Әр кәсіпорын өзінің жұмысын бастар алдында қоршаған ортаға қандай зиян әкеледі, соның құжатын жасайды. Бүгінгі күнде егер ол құжат құрылыс құжаттарының бір бөлігі ретінде қалыптасса, жаңа кодексте ол құжатсыз жер учаскесін бермеуі мүмкін. Яғни кешенді түрде басынан бастап жер берердің алдында қаншалықты әсер етеді, соны дәлелдеуі керек.

Хабар 24 телеарнасы