389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысына қарасты Сарыөзек ауылында спорт алаңы ашылды

  • 266
  • UPD: 14:38, 11.06.2019

Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек ауылының балалары енді футболды арнайы алаңда ойнайды.

Жеткіншектерге мұндай мүмкіндікті жергілікті кәсіпкер ұсынып отыр. Жомарт Атымтай жерлестеріне тамаша тарту жасап, қазақ күресінен Сейітжан Бекежановты еске алу турнирін өткізді.

Спорт алаңының ашылуына қазақ күресінің кіл мықтылары жиналды. Балуандар жүлде қоры 5 млн теңге болатын жарыста бақ сынады. Қомақты қаржы тігілгендіктен спортшылар да аянып қалған жоқ. Барын салып, бәсеке көрігін қыздыра түсті.

Нұрсұлтан Мыңғышев, жарысқа қатысушы:

– Шымкент қаласы Бәйдібек ауданынан келдім. Бұл жарыстың маңызы зор. Бақ жана ма, бап жана ма? «Қазақстан барысына» өте алмай қалған балуандар бар. Олар да кеп бақ сынайды. Осал жарыс болмайды.

Жасанды жабын төселген спорт алаңының жалпы аумағы – 800 шаршы метр. Онда 5 тоннаға жуық ұсақталған резеңке төгілген. Бұл ала доптың қызығына батқан балалардың жарақаттанып қалмауына мүмкіндік береді.

Спорт алаңын салғызған кәсіпкердің әкесі Сейітжан Бекежанов көзі тірісінде ел жұртты жұмылдырып, мешіт салуға ұйытқы болыпты. Тоқсаныншы жылдардың басында тұрғызылған имандылық үйін ұлы кейіннен күрделі жөндеуден өткізген. Енді міне, ауыл балаларына да жағдай жасап отыр.

Бақтияр Бекежанов, кәсіпкер:

– Осы ауылдың азаматы болғаннан кейін спорт алаңында жастарымыз денелерін шынықтырып, спортпен айналысып, мешіттен тәлім тәрбие алсын деген оймен жасалып отырған дүние.

Бұл – Кербұлақ ауданындағы «Кіші Туған жер» бағдарламасымен салынған екінші спорт алаңы. Бұған дейін де мектеп түлектері жерлестеріне осындай сый жасаған болатын. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы