386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алакөл ауданы Ақши ауылында соңғы бес жылда 200-ден астам демалыс орны бой көтерді

  • 127
  • UPD: 09:18, 29.07.2019

Соңғы үш жылда Алакөл ауданы Ақши ауылындағы туризмді дамыту үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Соның нәтижесінде елді мекендегі жолдар жөнделіп, электр желілері тартылды. Әлеуметтік нысандар салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды «Хабар».

Келер жылдан бастап Ақшиге келетін туристер шипалы суға шомылып қана қоймай сейіл құрып серуендейтін болады. Ауылдағы 4,5 гектар жерге саябақ салынып жатыр. Жасыл желекпен көмкерілетін мәдени орында балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңы және амфитеатр қарастырылған.

Денис Коныгин, жоба жетекшісі:

- Құрылыс мамыр айында басталды. Жиырма адам еңбек етуде. Бекітілген кестеге сай жұмыс жүргізіліп жатыр. Желтоқсан айында өткізуіміз керек, бірақ қарашада бітіріп берсек деп отырмыз.

Айдынды Алакөлдің Алматы облысына қарасты аймағында былтыр 1 млн-нан аса адам тыныққан. Ал осы жылы туристер саны одан 200 мыңға көп болады деп болжанып отыр. Өйткені,шомылу маусымы басталғалы  жағалаудан кісі қарасы үзілген емес.

Ажар Әбиева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Алматы қаласынан арнайы келдім. Бәрі жақсы, ұнады.Қызмет сапасы көңілімнен шықты. Жолдары жақсы.

Соңғы бес жылда Ақшиде 200-ден астам демалыс орны бой көтерді. Темір жол, әуе қатынасы ретке келтірілген. Елді мекен ішіндегі жолдар жасалып, электр желілері тартылды. Арнайы коммуналдық шаруашылық та құрылды.

Дастан Ақанов, аудандық ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

- Бюджеттен 200 млн теңге бөлініп, 7 дана техника сатып алынды. Биыл тағы 195 млн теңге бөлініп, 8 дана техника сатып алынуда. Қазіргі таңда төртеуі келді. Төртеуіне тапсырыс берілді.

Айдын Шалкенов, аудан әкімінің орынбасары:

-Кәріз жүйелерінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Сонымен қатар су жүйесінің жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Республикалық бюджетке ұсыныс беріліп қойылды.

Аймақта ауыл халқын мазалаған көкейкесті мәселе бар. Ол республикалық қазынадан қомақты қаржыны қажет ететін жағалауды бекіту жұмыстары.

Өткен қыста көл бетіне қатқан мұздың жылжуынан Көктұма ауылындағы 6 үй қираған болатын. Жағалауды бекіту жұмыстары биыл жүргізілмейтін болса, тағы бірнеше баспана бүлінуі мүмкін. Қауіпсіздік мәселесі оңтайлы шешілген жағдайда осы аймақта алея мен веложол салынады. Сөйтіп, туризмнің дамуына тың серпін бермек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы