385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында 53 мыңға жуық өлкетану құжаты электронды нұсқаға көшіріледі

  • 116
  • UPD: 20:02, 10.08.2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қарағанды облысының кітапханаларында 53 мыңға жуық өлкетану құжаттары цифрландырылды. Сирек кездесетін кітаптар мен мерзімді басылымдар бірінші кезекте электронды форматқа көшіріле бастады.

Бөгде адамдарға кіруге тыйым салынады. Мұнда сирек кездесетін кітаптар сақталуда. Облыстық кітапхана қорында 2 мыңдай кітап бар. Электрондық форматқа соның 200-ге жуығы енгізілді.

Гоголь атындағы облыстық кітапханада кітап қорын цифрлау бойынша зертхана құрылды. Мамандар әр бетті мұқият оқып шығады, кейбір тыныс белгілері мен әріптерді қолмен түзетеді. Сондықтан бұл процесс ұзақ уақыт алады.  

Гауһар Үмбединова, облыстық әмбебап кітапхананың бөлім басшысы:

- Бір кітап екі күн сканерленеді. Содан кейін тағы да өңделеді. Яғни бір кітапты электронды форматқа көшіру үшін бірнеше ай кетуі мүмкін. Бұл кітаптың қандай тілде және қанша беттен тұратынына байланысты.  

Ал Шахтинск қаласының кітапханасында Карлаг мұрағаты электронды түрге көшіріледі. Бұл үшін арнайы жоғары сапалы сканер сатып алынды. Оның көмегімен қамаудағылардың хаттарын, НКВД-ның бұйрықтары мен жеке істерін цифрлайды.  

Ирина Калинина, Шахтинск қалалық кітапханасының директоры:

- Түпнұсқа құжаттарға зиян келтірмей, тек цифрлы көшірмесін пайдалануға болады. Бұл құжаттар біздің кітапхананың сайтына қойылады. Сол жерден әлемнің әр түпкіріндегі ізденушілер тарихи құжаттарға қол жеткізе алады.

Өлкетану құжаттарының резервтік қоры құрылады. Мәселен, «Сарыарқа» электрондық кітапханасында шахтерлар өңірі жайлы барлық материалдар жинақталады. Сондай-ақ  «Өлкетану серуендері» оқырмандарға қала көшелерінде виртуалды экскурсия жасауға, көрнекті тұлғаларға арналған ескерткіштер мен мемориалдық тақталарды тамашалауға мүмкіндік береді.

Светлана Медведкова, өлкетану кітапханасы секторының жетекшісі:

-Біз мәліметтерді жинақтау үшін қалалық мұрағатқа бардық, көшелерді араладық. Қолданушыларға ыңғайлы болу үшін электронды дереккөзін құрдық.

Бұл ретте авторлық құқық мәселесі де ескеріледі. Мысалы, авторы өмірден озған туындылар тек 70 жылдан кейін ғана мемлекеттің меншігіне айналады. Өзге жағдайларда кітаптарды цифрлау шарты автормен немесе құқық иеленушілермен келісілуі тиіс. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша 2022 жылға дейін еліміздің барлық кітапхана қорын электронды түрге көшіру жоспарланған.

Авторлары: Марина Золотарева, Нұрлан Жақыпбеков

Хабар 24 телеарнасы