389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық тұрғын үйінде қолтырауын асырап отыр

  • 165
  • UPD: 10:16, 04.09.2019

Қарағандылық сиқыршы Сергей Коргодов өзі тұрып жатқан пәтерін хайуанаттар бағына айналдырған.

Мұнда қазір аң-құстың сирек кездесетін ондаған түрі мекендейді. Жуырда ол қолтырауын сатып алыпты. Енді оны қолға үйретіп, халықтың алдына алып шықпақ.

Бұл – қолтырауынның Кайман деп аталатын тұқымы. Әзірге жыртқыштың ұзындығы – 50 сантиметр. Бірақ өскенде 1,5 метрге дейін жетеді екен. Ал салмағы шамамен 40 келі болады. Сергей Коргодов оны Мәскеуден сатып алған. Афанаси деп атын қойыпты.

Сергей Корогодов, сиқыршы:

– Қарағандыда әзірге мұндай қолтырауын ешкімде жоқ. Сондықтан асырауға бел будым. Кейін түрлі шоуларға алып шығамын. Көрермендер тарапынан сұраныстың жоғары болатынына сенемін. Себебі бұл – сирек кездесетін жануар. Оны асырауға кез келген адамның батылы жете бермейді.

Сергейдің мамандығы – сиқыршы. Сондықтан ол үйінде аң-құстың бірнеше түрін ұстайды. Қолтырауынды асырамас бұрын, оны күтіп-баптаудың қыр-сырын әбден меңгерген. Қазір пәтерінің бір бұрышына бассейн қойып, оған неон шамын орнатыпты.   

Сергей Корогодов, сиқыршы:

– Қолтырауын жыртқыш болған соң, әрине қауіпті. Сондықтан сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Жөнсіз мазалап, ызаландыруға болмайды. Қазір қолға үйретіп жатырмын. Егер баптауы жақсы болса, бұлар ғасырдан астам жасайды екен.

Сергей сирек кездесетін қолтырауынды қаншаға сатып алғанын құпия қалдырды. Бірақ құны өте қымбат екенін айтады. Қазір оның үйінде жыртқыштан бөлек, көгершін, қоян, егеуқұйрық, теңіз шошқасы, тасбақа және жылан бар. Жуық арада сиқыршы түлкі сатып алуды жоспарлап отыр. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы