443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының Ақсу ауылы тоқырау кезеңінен бері күйзеліп отыр

  • 202
  • UPD: 21:23, 12.02.2020

Алматы облысында Ақсу дейтін ауыл бар. Кезінде білдей бір ауданның орталығы болған елді мекеннің қазіргі жағдайы мүшкіл. 

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында 5 мыңнан аса тұрғынның басым бөлігі көшіп, мың жарымы ғана қалған. Содан бері үйлер бұзылып, ғимараттар қирады. Халық қазір жұртта қалғандай күй кешіп келеді.

Бұл мәдениет үйі ауданда салынған ең алғашқы архитектуралық туынды. 1970 жылдары пайдалануға берілген нысан бүгінде әбден ескірген. Бәзбіреулер ғимаратты бұзып, кірпішін тасып әкетпес үшін Мұрат Шүренбаев 20 жылдан бері күзетіп келеді. Ол осы мекеменің отымен кіріп, күлімен шығады. Ауладағы ағаштардың да оталмауын қадағалайды.  

Мұрат Шүренбаев, күзетші:

- Самолетпен қарағанда біздің парк бес жұлдыз болып көрінеді. Біздікі бірінші орын алған. Көрдің ба? Сенесің ба қызыл смородина дәу дәу апорт болды. Қазір міне менің айқайыммен қарап жатырмыз. Сол қайтадан бәрі орнына келіп, сад қоршалса дом культура орнына тұрса деп отырмыз.

Ғимараттың қабырғаларында көшпенділер мәдениеті көрініс тапқан. Күні бүгінге дейін суретінің сыры кетпеген нысанда тек жаңажылдық шырша тойы мен кішігірім ойын-сауық кештері өтеді. Ал бір кездері бұл сахнада еліміздің маңдайалды өнерпаздары ән шырқапты.  

Арнай Амантаев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Өнер майталмандары бәрі осы жерге келіп концерт қоятын. Роза Бағлановадан бастап, анау Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева неше келді. Бәрінің тілейтіні осы ғимаратты ремонттап шығарып берсе, мың да бір көмек болар еді. 

Бұрындары бұл ауылға көпшілік қызыға қарайтын еді. Мәдениет және жастар үйі, балабақшасы болатын. Елді мекендегі сәулетті ғимараттардан тек Ілияс Жансүгіров атындағы мұражай ғана жұмыс істеп тұр. Қалғаны өткен күннің ескерткіші іспетті. Бұндай көрініске қарап, Кеңесбек Байдалин ақсақалдың көңілі құлазиды. 

Кеңесбек Байдалин, ауыл тұрғыны:

- Мына жақтағы көшелерде бұрыңғы түгел құлған үй, мына жақтағы көшелерде үш төрттен  ғана үй қалды. Мына ауылдың ішінде ағаштар қурап бара жатыр. Бір грам су ағыза алмадық. Суды сатады. Қияры бар помидоры бар ұсақ түйекті өсіріп, өзін өзі қамтып отырған ел ғой. Ал, енді одан айрылдық. Жайылым жер тарылып барады. 

Қария көтерген көкейкесті проблемалардың біразы биыл шешіледі дейді ауыл әкімі Серік Байжұманов. Оның айтуынша былтыр жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен арнайы арық қазылыпты.Қаңырап бос тұрған ғимараттарды да кәдеге жарату көзделіп отыр екен.

Серік Байжұманов, ауыл әкімі:

- Бос тұрған ғимараттарды біз енді ауылдың тұрғындарына берсек, олар осы  ұсыныстар бойынша монша ашсақ, моншаға түсірсек сосын ары қарай басқа да караоке ашсақ деген ұсыныстар болып тұр. Соны болашақта жасаймыз деген ойдамыз. Мәдениет үйі 2021 жоспарланып отыр. Бүгінгі күні ПСД-ға ақша бөлінді. 2021 жылы күрделі жөндеуден өтеді деген жоспарымыз бар. 

20 жылдан астам уақытта ауылда еш өзгеріс болмаған. Тек өткен жылы ғана атымтай жомарттардың көмегімен мектеп жөнделіпті. Көптен күткен ауыз су жүйесі де былтыр тартылған. Осы бастаманың жалғасы ретінде көпшілік көшелердің жасалуын әрі жарықтаныдырылуын қалайды. Әлеуметтік нысандарды қалпына келтіріп, өркениет көшінен қалмай өмір сүрсек дейді. 

Авторолары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы