447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақсайлықтар ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге зор үлес қосып жүр

  • 113
  • UPD: 10:22, 23.03.2020

Биыл Ұлыстың ұлы күні жылдағыдай кең ауқымда тойланбады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен ұлттық дәстүр ұлықталар күні жас буынның аға ұрпақ өкілдерінің бата-тілегіне құлақ түргені рас. Мәселен, Батыс Қазақстанның Ақсай қаласында жүзеге аса бастаған «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуге зор үлес қосып келеді.  

Алты ай қысты аман-есен өткеріп, аузы аққа тиген Ақжайықтағы ағайын да арқа-жарқа болып, төс қағыстырып қауышар еді. Алайда дәл қазіргі кезеңде қалыптасқан уақытша қиындықтар ел өміріне елеулі өзгерістер енгізгені мәлім. Дегенмен Ақсайдағы ағайын Наурыз мерекесіне арнап кең дастархан жайды. Ұмыт бола бастаған ұлттық салт-дәстүрлер туралы ойларын ортаға алды. Әсіресе, ақ дастархан төріндегі көнекөз қариялардың айтары аз емес.  

Нұрия Сейітжанова, «Ақ жаулықты әжелер» халықтық ансамблінің жетекшісі:

- «Ақ жаулық» сөзі әжелердің мәртебесін көтереді. Өзіміз осы отырғанда қолөнерімізді немерелерге үйретіп келе жатырмыз. Ашылған мұражайымыздан өзіміз көне заттарымызды жинап, жастарға көрсетіп келе жатырмыз.

Дәл осы «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында «Үкілі ару» бойжеткендер клубы құрылыпты. Қазіргі бойжеткен ару күні ертең бір үйге келін болып түсіп, аяулы жеңге атанары анық. Ал тәрбиенің қайнар көзі ол ата-әжелердің нақыл сөзінде дейді қызғалдақ қыздар. 

Гүлсезім Қуанышқалиева, «Үкілі ару» бойжеткендер клубының жетекшісі:

– Бір күні болмаса, бір күні біз де бір шаңыраққа келін, ана атанамыз. Қазір ажырасу мәселесі көп. Біз ондай жағдайдың болғанын қаламаймыз. Сол себепті өзінің шаңырағын берік қып ұстап отырған осындай әжелеріміз бен жеңгелерімізден тәлім-тәрбие аламыз. Жалпы айта кететіні, Қазақстанда мұндай жоба жоқ. Себебі біз әлеуметтік желіні қарап отырамыз, ол жерде ондай жобаны көрмедік.

Арна Мүбарак, Ақсай қалалық мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы:

- Бізге дейінгі өмір сүріп кеткен дана халқымыздың тұрмыс-тіршіліктегі бұйымдарының барлығын жаңғыртайық деген бағытта «Ұрпақтар сабақтастығы» жұмыс атқарып жатыр. Бұл бір күндік жоба емес, бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып қалатын жоба.   

«Ақ босаға» келіндер клубының да мақсат-мүддесі айқын. Халқымыз ертең келін атанар қызына қырық үйден тыйым деген. Сондықтан сәлем салу, кимешек кию, сырға салу сынды ұлттық салт-дүстүрлерді олардың бойына күнделікті сіңіріп отыру – басты міндетіміз дейді жоба авторлары.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы