428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустан жазылғандар туралы ақпарат дәрігерлік құпияға жатады – Абаев

  • 442
  • UPD: 22:36, 26.03.2020

Коронавирус жұқтырған 2 азамат бүгін елорда мен Алматы ауруханаларынан айығып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың денсаулық жағдайыларына қатысты шағымы жоқ. Індеттен жазылғандар туралы ақпарат дәрігерлік құпияға жатады. Сондықтан пациенттердің өзіне қатысты жеке мәліметтерді жарияламау құқы бар. Олар туралы қандай да бір мағлұматты емделгендердің рұқсатынсыз беруге болмайды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев брифинг кезінде ескертті.

Прокуратура, полиция, және Мемлекеттік кірістер комитетінен құралған мобильдік топ карантин жағдайындағы спекуляцияға қарсы іс-қимыл шараларын қабылдауда. Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша 15 тергеу амалы басталды. Мәселен, елорда мен Ақтөбе облысында маска мен антисептикті заңсыз сатқан 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Әкімшілік және қылмыстық істер бойынша 4 млн маска мен 13 мың литр антисептик тәркіленді. Олар қазір денсаулық сақтау мекемелеріне беріліп жатыр.

Осы күнге дейін шектеуге шекеден қарайтындардың қарасы азаймаған. Мәселен, кейбірі блок-бекеттерді айналып өткісі келсе, енді бірі ауруханадағы танысымен қауышу үшін палатаның терезесі арқылы кіргісі келген. Қарағандылық азамат 10 тәулікке қамауға алынды. Жалпы ел бойынша өткен тәулікте карантин режимін бұзған 137 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 8 азамат тұтқындалды.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Кәсіпкерлерді қолдау бойынша айтсақ, Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға отандық өндірушілерден тауарды конкурс өткізбей сатып алуға рұқсат берді. Бұрын ол 2 айға дейін созылуы мүмкін еді. Бұл түзетулер қазақстандық компаниялардың үздіксіз жұмысын және бюджетке салық түсімін қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, бұл норма кәсіпорындарға қызметкерлерін қысқартпауға көмектеседі.

***

Мемлекеттік қызметтің 80% онлайн түрде қолжетімді

Елде халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылғаны белгілі. Алайда, мемлекеттік қызметтің 80%-і egov.kz порталы арқылы көрсетіледі. Өзге де сервистер мобильдік қосымшаларда қолжетімді. Ал 1414 байланыс орталығы арқылы бір уақытта мыңнан астам адам кеңес ала алады. 28 наурыздан кейін әр қалада бір орталықтан жұмыс істейтін болады. Онлайн берілген өтінімдер арқылы құжаттар қолма-қол тапсырылады. Министр сондай-ақ орта білім беру бойынша қашықтан оқыту туралы да айтты.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Негізгі контент ретінде телевизиялық сабақтар, дайын цифрлық ресурстар ұсынылады. Телевидениеге 2 мыңнан астам сабақ түсірілетін болады. Қазіргі таңда 200-ге жуығы дайын. Сабақты өткізу уақыты 30 минутты құрайды.

***

Азаматтардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін

Сонымен қатар, алдағы уақытта елорда мен Алматы қаласында тұрғындардың көшеде жүріп-тұруына шектеу қойылуы мүмкін. Бұл туралы нақты шешім бүгін төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында қабылданады.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы