426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысының диқандары күріш себуге кірісті

  • 294
Қызылорда облысының диқандары күріш себуге кірісті

183 мың гектар егіс көлемінің 88 мыңдайы аймақ бренді – ақ маржанның үлесінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерте көктемнен жер жырту, топырақ тегістеуге кіріскен егінші қауым қазір арпа, бидай, мақсары және жоңышқа секілді дақылдарды егуді аяқтады. Енді бар күш Сыр салысын себуге жұмылдырылады. Ала жаздай атыз жағалайтын ағайынға дәл қазір жан-жақты жәрдем ауадай қажет. Осы ретте ауыл шаруашылығы саласы құрылымдарын кешенді қолдаудың бірнеше тетіктері қолға алынды. Өңірдегі 47 агротауар өндіруші 6 айға жер салығынан босатылды. Сондай-ақ кәсіпкерлердің ақталған күріш және күріш сынығы мен кебегін ТМД елдерінен бөлек, Моңғолия мен Тайваньға еркін экспорттау сертификаттары шұғыл рәсімделу үстінде. Елдегі төтенше жағдайға байланысты облыс көлемінде орнатылған тосқауыл бекеттерінен қажетті тұқым мен минералды тыңайтқыш және агротехника кедергісіз өткізіліп жатыр. Сондай-ақ Сыр өзенін жайлаған егіншілердің өтінішімен техника саймандарын сату желілері қайта іске қосылды.

Сейіткамал Сұлтанов, агросеріктестік директоры:

– Осы тұрғанда соңғы үлгідегі 10 арнайы соқа алдырттық. Соңғы жер айдайтын, жерді тегістейтін техника алдырттық. Мұның бәрі заманның талабына сай әрі күрішке суға қарап отырған азаматтардың өнімділігін жоғарылатады. Былтырғы көрсеткішіміз – орта есеппен 60 центер. Ол өз межемізден жоғары. Өзінің құнын өтеп, халыққа көмек жасауға мүмкіндік бар. Биылғы меже одан келте болмайды деп тұрмыз. Одан жоғары болады деген ниет бар. Өйткені көктем ерте келіп жатыр биыл.

Сейілбек Нұрымбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Келіп жатқан судың көлемі жаман емес. Бірақ мамандар болжамы бар, жазда суаратын кезеңде жоғарыдан келетін су азаюы мүмкін деген. Соған байланысты аудандарға нақты тапсырма бердік. Биыл жоспарланған 88 мың га күрішті оңтайландыру туралы. Соған байланысты су баруы қиындау жерлерге егіс көлемін сәл азайтуға жұмыс жасалып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы