427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-дағы Көкөзек ауылында 611 млн теңгеге тартылған су құбыры құрдымға кетті

  • 604
  • UPD: 20:56, 16.06.2020

Көкөзек ауылы тұрғындарының кенезесі кеуіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығыстағы Үржар ауданына қарасты бұл елді мекенде мыңнан аса тұрғын бар. 3 жыл бұрын мұнда да мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасымен су құбырын тартқан. Бірақ 611 миллион теңге бөлініп, атқарылған жұмыс сапасыз болып шықты. Енді әкімдігі мен мердігер мекеме соттасып әлек.

Көкөзек ауылы халқының аңқасы әсіресе жазда кебеді. Ел 2017 жылы елді мекенге су құбыры тартыла бастағанда қуанған. Алайда ол қуаныш ұзаққа созылмады. Тартылған құбырдың соңы құрдымға кетті.

Құрманхан Садық, Көкөзек ауылының тұрғыны:

– Қыста өзенге ат шанамен, жазда арбамен. Ол құйып алған суың қашанға шыдайды.

Тоқан Тұрсынбаев, Көкөзек ауылының тұрғыны:

– Қателеспесем, 645 миллионға салынған. Сапасы жоқ. Сол бетінде қалды. Құбырдың қалыңдығы 10 миллиметр болу керек? Бұлар 5 миллиметрге дейін сала салған. Ешқандай құм да төселмеген. Оның астында ағаш та, тас та жатыр. Құбырды тастайды. Басатын болса, қысылып қалады.         

Қысылып, тасқа басылып қалғаны құбыр тартылып су берілгенде белгілі болды. Мердігер мекеме жұмысты бас-аяғы 8 айда аяқтағанмен, соңында бітпеген ісі көп. Сапасыз тартылған құбыр енді күнде тесіледі.

Ахметжан Есебев, Көкөзек ауылының тұрғыны:

– Міне, жер әлі тесіліп жатыр. Құм төгіңдер деп былтырдан бері осы жерге төккізіп алдым. Әне жер тағы ойылып түсіп жатыр.

Ойылып түсіп жатқан құбыр үшін Үржар аудандық құрылыс бөлімі мен мердігер мекеме 2018-жылдан бері соттасып келеді.

Самат Маусымбаев, Үржар аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бүгінгі таңда ауылдағы су құбыры қайта-қайта жарылуына байланысты тапсырыс беруші, яғни құрылыс бөлімінің атынан сотқа шағым жіберілді. Келісімшарт бойынша 10 жыл кепілдік бар. 2017 жылы бастағанда, 2027 жылға дейін. Қандай да бір ақаулар үшін мердігер жауапты.

Әрбір ақаудың орнына тезірек келуіне ауыл тұрғындары ерекше мүдделі. Өйткені Көкөзектегі мыңнан аса тұрғын мен мал-жанның кенезесі кеуіп отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы