421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында суға байланысты күрмеулі мәселе шешілді

  • 306
Түркістан облысында суға байланысты күрмеулі мәселе шешілді

Еліміздің оңтүстік өңіріндегі шаруалардың биыл судан таршылық көрмеуі үшін тығырықтан шығар жол табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан мен Өзбекстан Түркістанның суармалы жерлері үшін қажетті көлемде су жіберуге келісті. Бұған дейін қазақстандық мамандар биыл бұл облыста су тапшылығы болуы мүмкін деп топшылаған еді. Өйткені Қырғызстандағы «Тоқтоғұл» су қоймасына осы жылы 2 млрд текше метрге аз су жиналды. Есесіне Сырдария өзенінің алабында да тіршілік нәрінің жетіспеушілігі сезіледі. Соған қарамастан, өзбектер Қазақстанға «Достық» арнасы арқылы шілде айында секундына 80 текше метр су жіберуге дайын.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- «Достық» каналынан бізге секундына 80 текше метр су келіп тұрады. Бүкіл шілде айы бойы. Бұған өзбек тарапы өз кепілін беріп отыр. Бұл өте жақсы нәтиже. Бізге жеткілікті. Сосын тамыз айында бұл көрсеткіш 70 текше метр болады. Оңтүстік өңірде 500 мың астам халық тұрады. Бұл солардың көкейінде жүрген сұрақ еді. Енді осы мәселе шешіліп отыр.

Бұдан бөлек, Ташкентте Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев Жол картасына қол қойды. Бұл тарихи құжат ауыл шаруашылығы дақылдарын суару кезінде суды бөлу үшін ашықтықты қамтамасыз етпек. Ол үшін қазақстандық мамандар Өзбекстанға барып, су көлемін бақылап, оны көршілермен бірге үлестіреді. Сондай-ақ тараптар Сырдария өзенінің су ағынына әсер ететін көрші мемлекеттегі барлық су шаруашылығы нысандарын техникалық жағынан бірлесе зерттеуге уағдаласты.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- 1991 жылдан бері Өзбекстанда бірнеше су қоймасы салынған болатын. Біздің мамандар карантин біткен соң осында келіп, мұнда қанша су қоймасы салынғанын, бұлардың техникалық қауіпсіздігін қарастырады. Сондай-ақ су қоймалардың су ағынының ықпалын қарайды. Бұл өте үлкен қадам өзбек тарапынан.

Хабар 24 телеарнасы