429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысындағы Шахтер ауылының үйлері біріккен жылуға қосылады

  • 278
  • UPD: 23:04, 17.08.2020

Қарағанды облысына қарасты Шахтер ауылында жылу тарататын қазандық салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алдымен оған әлеуметтік нысандар қосылады, кейін өзге үйлерді де қосу жоспары бар. Нәтижесінде ауыл халқы көмір мен отын дайындап әуре болмайды. 

Бұдан бөлек химиялық заттарды сақтауға арналған арнайы қойма салынып, тамшылатып суару жүйесі іске қосылмақ. Нысанның барлығы ірі фермерлік шаруашылық есебінен салынуда. Ал мемлекеттің «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ауылда аулалар мен көшелер абаттандырылмақ.

Нұра ауданына қарасты Шахтер ауылында бүгінде бір мыңға жуық түтін бар. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі жергілікті фермердің қол астында жұмыс істейді. Кәсіпкер құнарлы жерді игеріп, элиталық тұқым себетін ірі шаруашылықты дөңгелетуде. Қазір негізгі жұмыс ауыл үйлерін жақын арада біріккен жылуға қосу бағытында жүріп жатыр.

Георгий Прокоп, «Шахтерское» ЖШС директоры:

– Салынып жатқан жылу қазандығы арқылы бастапқыда ауылдағы әлеуметтік маңызды нысандарға жылу жіберіледі. Одан кейін  қызметкерлеріміздің тұрғын үйлері де орталық жылу жүйесіне қосылатын болады. Болашақта біз осы маңнан тағы да тұрғын үйлер салуды жоспарлап отырмыз. Жаңа баспаналар да осы жылу қазандығы арқылы жылитын болады.     

Ауыл мектебінде қазір 200-ге жуық бала тәлім алады. Жастар қолы қалт етсе спорт нысандарына барып, бос уақытын тиімді өткізетін көрінеді. Жағдайы жасалған елді мекенге келіп қызмет еткісі келетін жастар да жетерлік. Солардың бірі – Зарина Бахриденова.

Зарина Бахриденова, Шахтер ауылының тұрғыны:

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бізге қолдау ретінде ақша берілді. Сонымен қатар екеуміз отбасы болғаннан кейін, бағдарламаны пайдаланып баспанаға ие болдық. Жалпы, бізге Шахтер ауылында өмір сүру өте қолайлы. Себебі бұл жерде жұмыс қана емес, жастарға арналған спорт кешендері бар. Яғни біз өзіміздің бос уақытымызды пайдалы өткізе аламыз.

Қазір «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 4 көшеге асфальт төселіп, 2 көшеге жарық шамдары орнатылған.   Мектепте де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан бөлек, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында амбулатория бой көтерген. Осы айда нысанның ауласы абаттандырылмақ. Бұл істерге  мемлекет есебінен 187 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы