427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорданы көгалдандыруға арналған BI Green жобасы басталды

  • 157
  • UPD: 23:07, 10.10.2020

Оның аясында тұрғындар ағаш егіп, шаһардың экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қоса алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде қала аудандарының біріне 500 тал егілді. Іс-шара BI Group компаниясының 25 жылдық мерейтойына орайластырылған.

BI Group компаниясы салған мына кешеннің енді өз саябағы болады. Мұндағы әрбір талды кешен тұрғындары өз қолымен екті. Күннің суығына қарамастан, отбасылық ағаш отырғызып, қаланы көгалдандыруға келгендердің қарасы көп.

Ержан Исмагелов, BI CLIENTS директоры:

– Біз жақын маңдағы «Зеленый квартал», «BI City» кешендерінің тұрғындары келіп, ағаш отырғызуға қатысқанына өте қуаныштымыз. Бұл – BI Green жобасы аясындағы алғашқы акция. Жақын арада тағы 10-15 тұрғын-үй кешенінің айналасында осындай жұмыстар жүргізіледі.

Жалпы экологиялық жоба аясында холдинг 1900 ағаш пен 600-ден астам бұта отырғызады. Талдардың барлығы астананың күрт құбылмалы күн райына сай таңдалған. Компания өкілдері мұндай сенбіліктерді тұрақты түрде өткізуге ниетті.

Дарменияр Қыдырбекұлы, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

– Әкімшілік тарапынан біз BI Group компаниясына өз алғысымызды айтамыз. Келешекте осындай акцияны басқа да бизнесмендер, құрылысшылар қолдап, жалпы қаланы абаттандыруға өздерінің үлесін қосады деп ойлаймыз. Әр тұрғынымыз бір-бір ағаштан ексе, ол миллионнан астам ағаш болады.

Алдағы уақытта оннан астам тұрғын үй кешенінің айналасында жасыл-желегі жайқалған саябақтар болады. Онда қан-қызыл долана, жиде, қарағай, мойыл және алма ағаштары отырғызылады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы