423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда көлікпен адам қаққан жасөспірімнің орнына анасы жауап береді

  • 141
  • UPD: 21:32, 11.11.2020

Ақтауда көлігімен 57 жастағы әйелді үш рет қаққан жеткіншектің орнына анасы жазаланады. Бала кәмелет жасқа толмағандықтан анасы жауапқа тартылады. Полиция департаментінің мұндай шешіміне зардап шегушінің туыстары үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар көлік жүргізген 15 жасар баланың қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етіп, прокуратураға арыздануды көздейді.

- Я хочу, чтобы была справедливость, вот, что я хочу.  Дело закрыли без суда и следствия, получается. Мы не видели ту сторону вообще ни разу. Такое вообще бывает?  

Ақтау қаласының тұрғыны Джульетта Джамиева әділдікті талап етуде. Жазда анасы жол апатына ұшыраған болатын. Қызының айтуынша, көлікті жүргізген 15 жастағы бала анасын қасақана қаққан.

«Үй ауласында тұрған көлікті соға жаздаған балаға ескерту жасағаны үшін анамды көлігімен бір емес, 3 рет басып өткен», - дейді Джульетта.

Жақында зардап шегуші әйел қолына қылмыстық істің қысқарғаны туралы қаулыны алған. Іс бала 16-ға толмағандықтан тоқтатылыпты. 

Джульетта Джамиева, қала тұрғыны:

- Облыстық прокуратура мен полиция департаментінің бастығына арыз жаздым. Заңды оқыдым, онда адамға ауыр дене жарақатын салған адамға 14 жастан бастап жаза қарастырылған екен. Бала болса да ол анамды әдейі басты. Анамды қаққан кезде ол жерге құлап түсті. Соны көре тұра бала көліктен түспеген, көмек те көрсетпеген. Қандай жауыздық, анамды бір емес, үш рет басып өткен. 

Жол апаты екі ай бұрын Ақтаудағы көп қабатты тұрғын үй аулаларының бірінде болған. Ол кезде көліктің иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалған болатын. Бала өгей әкесінің көлігін жасырын айдап кеткен. 

Әйгерім Ибадуллаева,  ПД ТІлдерді дамыту және ішкі және сыртқы коммуникация бөлімі басшысының м. а.:

- Автокөлік иесі жауапқа тартылмайды. Себебі жасөспірім автокөліктің кілтін көлік иесінің рұқсатыныз алған. Яғни көлік иесі жасөспірімнің көлікті жүргізгенінен хабарсыз болған. Сондай-ақ кәмелетке толмағанға қатысты қылмыстық істе қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Құқық бұзушылық жасаған кезде жүргізуші он алты жасқа толмаған. Сондықтан жасөспірім Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылмайды. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 127-бабы бойынша кәмелетке толмаған баланың анасы жауапқа тартылады.

Зардап шегушінің қабырғалары сынып, өкпесі тесілген, аяқ сіңірлері үзіліп кеткен. Джульетта Джамиеваның айтуынша, анасының жағдайы әлі де мәз емес. Алдағы уақытта күрделі операциялар жасау қажеттігін айтады.

Ол материалдық және моральдық шығынды талап етіп, сотқа шағымданатынын да жеткізді. 

Авторлар: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы