Маңғыстау облысында алғаш рет қоршаған ортаның ластануы дрондардың көмегімен бақыланатын болды.
Өңірлік экология департаменті 11 түрлі сараптама жасауға қауқарлы квадрокоптердің әзірге біреуін сатып алды. Күшті желге шыдамды ұшу аппараты 3,5 километр биіктікке көтеріліп, 7 шақырым қашықтықты еңсере алады. Бұл ретте ұшу ұзақтығы 40 минуттан аспайды. Айта кетейік, дрон мемлекет қорғауына алынған табиғи қорықтардың аумағында ұшпайды. Таяу күндері экологиялық дрон кен орындары, өндірістік нысандар мен зауыттар үстінде қалықтап, сараптама жасауы тиіс. Биыл қоршаған ортаға залал келтірген кәсіпорындарға 2 жарым млрд теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 90%-і өндірілді.
Фариза Қожанепесова, Экология департаментінің бөлім басшысы:
– Бұл дрон өндіріске пайданылады. Екі қосалқы бөлшекпен қамтылған. Біріншісі – тепловизор және де өте жоғары дәлдікпен түсетін камера. Ол «снифер» деп аталатын кішігірім аппаратпен қамтылған. Снифер аппараты 11 түрлі ауа ластаушының құрамын анықтай алады. Осы квадрокоптермен заңсыз алынған топырақтардың және иесіз жатқан қалдықтардың да көлемін анықтауға болады. Себебі ол картографиялық бағдарламамен қамтылған.