378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да жүкті келіншек көз жұмды

  • 562
  • UPD: 22:43, 14.01.2019

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында 37 жастағы жүкті әйел көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Айы-күні жетіп отырған келіншектің аяқ астынан өмірден озғанына туыстары сене алар емес.

Олар аудандық аурухана мамандары тиісті көмек көрсете алмады деп отыр. Ал дәрігерлер болса «қолдан келгеннің барлығын жасадық, бірақ өмірін арашалап қалу мүмкін болмады» деп өз уәждерін айтады.

Айы-күні тақап отырған келіншек Семейдегі ауруханаға барып жату үшін қаңтардың 8-інен бастап жолға дайындалған. Алайда 9-ына қараған түні аяқ асты ауырып, сағат 02:00-де аудандық ауруханаға жеткізіледі. Айналдырған екі сағат шамасында қасына еріп келген жолдасына суыт хабар айтылған.

Нұрболат Нимежанов, марқұмның күйеуі:

- 120-мен кеткен адамды 1,5 сағатта жатқызып, 2-ден кете барған адамнан бізге 4-тен кете айырылып қалдыңыздар деді.Сонша уақытта не істеп отырғандарын түсіне алмадым.

Марқұмға алдыңғы 3 жүктілікте де кесар тілігі жасалған екен. «Сондықтан 4-баланы көтеру қауіпті екенін ескерткенбіз», – дейді дәрігерлер. Дегенмен соңғы күнге дейін анализдері жақсы болған. «Ал ауруханаға ауыр халде түскен түні қолда бар көмек көрсетілді», – дейді олар.

Гүлнәр Баянбаева, аудандық аурухананың акушер-гинекологы:

- Барлық реанимациялық шараларды жасадық, басынан аяғына дейін. Жүрекке дефибриллятормен де жасадық. Бірақ біз алып қала алмадық.

Акушер гинеколог «екіқабат әйел бізге келгенде қан қысымы түсіп кеткен, сол себепті оған жедел операция жасай алмадық» деп отыр. Алайда бұл оқиғаның ақ-қарасын енді облыс тарапынан арнайы құрылған қызметтік комиссия анықтайтын болады. Қазір патологоанотомиялық зерттеу нәтижесі әзірленуде.

Райфа Сафиоллинова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Патологоанотомиялық зерттеу қолымызға тигеннен кейіноған екі жұма уақыт керек, ақсуатқа шығып, сол орында отырып бірнеше күн тексеру жүргіземіз.

Сала басшылары қызметтік тексеріспен қатар аудандық аурухана ұжымында біліктілікті арттыру курстарын да өткізбек.

Айта кету керек, 2017 жылы облыста – 4, ал өткен жылы 3 ана өлімі тіркеліпті.

Авторлары: Э.Ахметова, Д.Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы