386,91 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада ШЫҰ-ның экономикалық сараптамалық орталығы құрылуы мүмкін

  • 501
  • UPD: 15:35, 04.05.2018

Астанада Шанхай Ынтымақтастық ұйымының экономикалық мәселелер жөніндегі сараптамалық орталығы құрылуы мүмкін.

Еліміздің осыдан 3 жыл бұрын ұсынған бастамасы маусым айында Қытайдың Циндао қаласында өтетін ұйымның мемлекет басшыларының саммитінде қаралатын болады. Бүгін Шанхай Ынтымақтастық ұйымы форумының XIII отырысының қатысушылары еліміздің бастамасын қолдайтындарын айтты. Жиынға Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан, Беларусь Республикасы және Орталық Азия мемлекеттерінен келген арнайы өкілдер қатысты.

Худоберди Холикназар, Тәжікстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:

– Шанхай Ынтымақтастық ұйымының экономикалық сараптамалық орталығын құру бастамасын Қазақстан көтергендіктен, орталық қазақ жерінде орналасуы мүмкін. Онда ұйымға мүше барлық мемлекеттердің өкілдері жұмыс істейтін болады. Мамандар түрлі экономикалық мәселелердің шешімін әзірлеп ұсынады. Мәселен, бүгінгі форум қатысушыларының кейбірі ұйым аясында экономикалық сұрақтар толыққанды шешілмей жатқандығын айтып, көңілдері толмайтындарын жеткізді. Сондықтан осындай орталықтың болуы бізге өте қажет.

Ал басқосу ертең де жалғасады. Ғалымдар 5 панельдік сессия аясында қазіргі таңдағы басты қауіп-қатерлерді анықтап, ары қарай даму жолдарын қарастырады. Оның қорытындысы бойынша Шанхай Ынтымақтастық ұйымы форумының XIII отырысының хаттамасына қол қою жоспарланып отыр. Айта кетейік, саммит қарсаңында ұйымдастырылатын келесі форум Қытайда өтеді.

Серік Бейсембаев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– Екі күнде өтетін саммиттің ортақ қаулысы ретінде құжат қабылданатын болады. Оның мазмұны жағынан айту әлі ерте. Онда қарастырылатын мәселе аймақтағы терроризм мәселесі, наркотрафик деген секілді. Одан бөлек экономикалық қауіпсіздік мәселесі. ШЫҰ ортақ қандай шешімдер қабылдай алады? Қандай әрекеттерге бара алады? Осыған байланысты белгілі бір ұсыныстар ұсынылады деп ойлаймын.

Хабар 24 телеарнасы